Зағип жандар арасында «Ақсу толқыны» жазғы фестивалі басталды
Апта сайын өтетін мерекелік іс-шараға жергілікті өнер ұжымдары қатысады. Жоба биыл жаңаша сипатқа ие болды, деп хабарлайды 24kz.
Енді эстетикалық бағытта тәлім-тәрбие беретін түрлі клубтар жұмыс істей бастады.
«Ақсу толқыны» жазғы фестивалі аясында суретшілердің пленэрі ұйымдастырылды. Әсіресе, зағип жандардың туындылары көпшілік көңілінен шықты.
Татьяна Тишакова, Ақсу қалалық мәдениет сарайының суретшісі:
- Зағип жандардың қолынан шыққан туындылар ерекше әсер сыйлайды. Барлық суреттен күннің бейнесін көрдім. Тіпті салқын түстердің өзінен жылылық есіп тұр. Бұл көп нәрседен хабар береді.
Зағип жандар бұл картиналарды Суретшілер одағының мүшесі Ренат Елубаевтың көмегімен салды. Қылқалам шебері Ресейде өткен «Ғажайып адамдар» бағдарламасында өнер көрсеткен. Ол көзін байлап сурет салу арқылы танымал болған.
Ренат Елубаев, Суретшілер одағының мүшесі:
- Елімізде Ақсу қаласында тұңғыш өткізілейін деп жатыр. Енді өздеріңіз ойлаңыздаршы, зағип жандар, көздері көрмейтін кісілер картина жазады. Енді түстерді ажыратпаса да, ол кісілерде жүректері ояу. Сол жүректерімен, сезімдерімен салады. Сезіммен салған кезде жаңағыдай түстерді ажырату бұл бейнелерді көру қажет емес.
Суретшінің айтуынша, зағип жандар көкейінде жүрген мәселелерді осы картиналар арқылы көрсетеді. Сурет сала отырып олар ішкі әлемінің сыр-сандығын ақтарады. Астанадан келген өнерпаз жас суретшілерге де шеберлік сағатын өткізді. Жалпы, жазғы фестиваль бірнеше бағытты қамтыған. Поэзия кеші, қолөнер мен қылқалам шеберлерінің көрмесі әр апта сайын өтеді.
Медіғат Манапов, Ақсу қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы:
- Барлық концерттік іс-шараларымыз негізінен жергілікті өнерпаздардың қатысуымен ұйымдастырылады.Бұл жергілікті өнерпаздардың репертуарлық жағынан мысалы ізденіске алып келеді. Апта сайын концерт өткеннен кейін жаңағы өнерпаздар репертуарларын жаңартуға тура келеді. Осы маусым барысында тағы да түрлі шаралар ұйымдастырылатын болады.
Халыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, рухани азық беретін «Ақсу толқыны» фестивалі тамыз айының соңына дейін жалғасады. Қортындысы бойынша үздік өнер ұжымдары анықталады.