Хоррор жанрындағы «Әнел» фильмінің тұсаукесері өтті

Хоррор жанрында түсірілген фильм көременге жол тартты. Кинокартина «Әнел» деп аталады. Жабық көрсетілімі Kinopark 11 IMAX Esentai кинотеатрында өтті. Бұл отандық Tiger Films продюсерлік компаниясы мен танымал режиссер Ақан Сатаевтың бірлесіп жасаған үшінші жобасы.

Фильмнің желісі бір отбасының төңірегінде өрбиді. Отағасы ауқатты кәсіпкер. Анасы Зейнеп, жұбайы Лаура және Әнел есімді қызымен зәулім үйде тұрады. Оқиға қызының алғашқы мүшел жасқа толған туған күнінен кейін басталады. Лаура қызынан түсініксіз өзгерістерді байқайды. Оған ол түнде айкезбе сияқты болып көрінеді. Не болып жатқанын түсінуге тырысып, қызын қорғап, отбасына қарсы тұрады. Картинада Әнелді алматылық Медина Мәдиқызы ойнайды.

Медина Мәдиқызы, 7-сынып оқушысы:

- Әнел сондай тұйық қыз. Ешкіммен араласпайды. Оның ата-анасы жиі ұрсысады. Арманы – әке-шешесімен бірге тату-тәтті өмр сүру. Фильмде қорқынышты сахналар да болды. Бірақ мені киноға бірге түскен актерлар өте қатты қолдады. Содан болар ешқандай қиналғаным жоқ. 

Бұл фильм – Ақан Сатаевтың хоррор жанрында түсірген алғашқы жұмысы. Жарыққа шығаруға бір жылдай уақыт кеткен. Режиссердің айтуынша, актерлардың барлығы өз кейіпкерлерін сәтті алып шыққан.

Ақан Сатаев, режиссер:

- Діни және заманауи тұрғыда, ғылыми тұрғыда екі көзқарас болады. Киномыз идеясы ешқандай бір мистика немес ойдан туған зат емес. Өмірде болатын шындық. Кейбір ғалымдар айтады хоррор жанры денсаулыққа пайдалы деп. Ол бір жағынан. Екінші жағынан қорқытып қана қоймай, ой жүгіртетін дүние жасаған сияқтымыз.

«Әнел» – Tiger Films шығарған 35-ші фильм. Тылсым күш, отбасындағы шиеленіс, ана махаббаты, сенім – осының бәрі бір жерде тоғысқан. Кинокартина үлкен экраннан көрсетіле бастады.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Әбен Нарымбаев.