Талдықорғандық қария өнерімен қазақ тарихын дәріптеп жүр
Талдықорғандық шебер қария Серікқали Мырзатаев өзі жасаған бұйымдары арқылы қазақ тарихын дәріптеп жүр.
Ол ағаш пен темірден түйін түйіп, 200-ден аса композициялық инсталляция жасады. Көпшілікке ой салатын туындылар облыстық көркемөнер галереясына қойылып, көрермен назарына ұсынылды.
70 жастағы Серікқали Мырзатаев қария шығармашылықтан қол үзбеген.
Қазір ол «Бозторғай» композициясын жасап жатыр. Құрсаудан құтылуға тырысқан құс бейнесіндегі адамдар арқылы өткен тарихымыздың қаралы көзеңін көрсетуге тырысқан.
Серікқали Мырзатаев, ҚР Суретшілер одағының мүшесі:
- Ел болып жер болып жатқаннан кейін, біздің қандай қиындықтардан өтті, соны көрсеткім келді. Осыны енді біз бағалайық. Осыны жастар түсінсе, жастар осыны бағалап қадірлесе деген ойменен осы композициямызды жасап жатырмын. Азаттығымызды біліп тәуелсіздігімізді соны қадірлей қастерлей білу керек деп ойлаймын.
Шебер мүсіндеумен қатар қолына қылқалам алып сурет те салады. Ағаштан ою ойып, темірден түйін түйеді. Әртүрлі заттардың бөлшектерін біріктіріп тұтас композициялық инсталяция жасайды. Солардың бір бөлігі облыстық көркемөнер галлереясына қойылды.
Қайрат Қабылисанов, облыстық көркемөнер галереясының директоры:
- Бұл жерде 130-ға жуық мүсіндер халықтың назарына ұсынылып отыр. 200-ге жуық графикалық жұмыстар бар. Әртүрлі жанрда жазылған. Бұның барлығы неше жылдың еңбегі.
Шебердің қолынан шыққан дүниелердің мағынасы терең. «Ана бейнесі», «Арал тағыдыры», «Мәртебе», «Қызыл қыспақ» сынды туындылар қазақ тарихынан сыр шертеді.
Шыңғыс Қалиден, тілші:
- Төңкерілген қазан инсталяциясы қазан төңкерісінен кейінгі елдің жағдайын көрсетеді. Келесі композиция кеңестің шынайы келбеті деп аталады. Ал Семей полигонынан табылған күректен жасалған қобыз, қазақтың жан-жарасын мұңын жеткізіп тұрғандай. Осындай қиындықтарды еңсергеннен кейін азаттықтық ақ таңы атып, егемен ел атанғанымыз «Тәуелсіздік тұғыры» композициясында көрініс тапқан.
Серікқали Мырзатаев тарихи туындыларын «Құрақ көрпе» деп атайды.
Серікқали Мырзатаев, ҚР Суретшілер одағының мүшесі:
- Құрақ көрпе деп атағаным өзіміздің тарих. Қазақтың терең тұңғиықта жатқан тарих құрақтанып келген. Құрақ көрпе сияқты құрау арқылы мен қазақ тарихының осындай бір дәрежеге осындай үлкен жұмыстармен көтергім келді.
Серікқали ата ұзақ жылдар бойы Талдықорғандағы көркемсурет мектебінің директоры болып еңбек етті. Балаларды өнерге баулып, шәкірт тәрбиеледі. Үнемі ізденіс үстінде жүретін қарт ұстаз қазақ тарихын дәріптейтін әрі көпшілікке ой салатын тағы бірнеше туынды жасасам деген ниетте.
Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев