Ұлттық өнерді ұлықтаған шеберлер

Абай облысында көнеден қалған өнер түрін жоймай, жалғастырып жүрген жандар көп.

Солардың бірі қолөнерші Фарида Сүлейменова. Ол «Бір ауыл- бір өнім» жобасының жеңімпазы. Бүгінде саз балшықтан музыкалық аспаптар жасайды. Жалпы өңірде 54 мыңнан астам шағын және орта бизнес  нысаны бар. Қазір Семейде қолөнершілердің жәрмеңкесі өтіп жатыр. Оған 20-ға жуық кәсіпкер қатысуда. Өңірдегі әріптесім жалғастырады.

Фарида Сүлейменқызы ұлттық қолөнермен айналысқанына 20 жылдан асқан. 5 жылдан бері саз балшықтан музыкалық аспаптар жасайды. Қолөнерші сазсырнай, құссайрауық сияқты аспаптарды көз жауын алардай етіп ерекше нақышта жасауға машықтанған. Ұлттық қолөнермен айналысатын адамның бойында өнерді түсінетін қасиет болуы керек, дейді ол. 

Фарида Сүлейменқызы, қолөнерші:

- Шикізатты Екібастұз, Қапшағай қалаларынан алдырамын. Ресейден заказбен алдыртамын. Сапасы жақсы. Жасалып қолмен мүсінделгеннен кейін бір жұмадай ол таза кебу үшін тұруы керек. Сосын арнайы пешке салынып, күйдірілгеннен кейін бұйым дайын болады.

Ал Нүрзия Тәшімова 2011 жылдан бері киіз басу өнерімен айналысады. Былтыр «бір ауыл-бір өнім» жобасына қатысып жеңімпаз атанған. Мемлекеттен 5 млн теңге көлемінде қайтарымсыз қаржы алғанын айтады. Енді сүйікті ісін кәсібіне айналдыруды көздейді. 

Нүрзия Тәшімова, қолөнерші:

- Текстиль сол киізден жасалған ұлттық киімдерді өндіру. Аяқ киім және бас киім, үстіге киетін киімдерді өндіру жоспарымда. Оған қоса киізді жаңаша технологияда өңдейміз ғой. Сол киіз басатын станоктарды алып жатырмын. Енді Атамекен палатасының айтуынша, арнайы дүкендер салынады. Өнімдерімізді сонда қоямыз деген жоспарымыз бар.

Абай облысында қазір шағын және орта бизнеспен айналысатын 54 мыңнан астам кәсіпкер бар. Облыстық кәсіпкерлік басқармасының мәліметінше биыл қайтарымсыз грант алуға 29 өтініш түскен. Комиссия мүшелері 24 жобаны мақұлдаған. Бұл мақсатқа бюджеттен 105 млн теңге бөлініпті. 

Азамат Серіков, жеке кәсіпкерлікті қолдау және дамыту бөлімінің бас маманы:

- Жәрмеңкенің басты мақсаты кәсіпкерлерді қолдау және де дамыту. Шағын және орта кәсіпті жаңа деңгейге шығару. Сондықтан алдағы сенбі,жексенбі күндері жәрмеңке өткізіледі. Облыс тұрғындары көрмеге келіп қалаған бұйымдарын таңдап, сатып ала алады.

«Бір ауыл- бір өнім» жобасының қатысушылары өткізіп жатқан ұлттық қолөнершілер жәрмеңкесі үш күн жалғасады. Кәсіпкерлік басқармасының мамандары келесі жылы да 20-дан астам адамға қайтарымсыз қаржы берілетінін жеткізді.

Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов