Хоббиін кәсіпке айналдырған елорда тұрғыны шоу-торттардың шебері атанды

Тойдың сәнін келтіретін шоу-торттар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елордалық кондитердің қолынан шыққан тәттілерді осылай сипаттауға болады. Мерекелік дастарханда көздің жауын алатын торттардың тарихы да сан қилы.

Тәттіқұмарларды тәнті етер өнімдердің әрқайсысы бір туынды. Елордалық Виктория Джандарованың қолынан алып қуыршақ, биік ғимарат, тіпті мынадай көліктер де шығады. 

Кондитердің өніміне еліміздің түкпір-түкпірінен тапсырыс түседі. Махаббатпен жасалған торттардың дәмі тіл үйірердей. Өйткені Виктория әр өніміне жоба ретінде қарайды. Болашақ торттың сызбасынан бастап, соңғы әрлеуіне дейін тиянақты. Шебер пісірген ең биік өнім 2 метр, салмағы 80 келі болған.

Виктория Джандарова, кондитер:

- Әр торттың өзіндік нобайы бар. Оны жасап шығару үшін де уақыт керек. Жеуге болатын, жеуге болмайтын бөлігі болады. Тортқа қажет жабдықтардың біразын құрылыс дүкендерінен аламыз. Өйткені әсер қалдырарлық алып тәттінің тіреулері мықты болуы қажет. Салмақты берік көтеріп тұруы керек. Мысалы мына тортты екі апта дайындап, бір тәулік пісірдік. 

Кондитер осыдан 6 жыл бұрын хоббиін кәсіпке айналдырды. Бұл жолға келу оңай болмағанын айтады. Түрлі шетелдік шеберлерден дәріс алып дағдыланады. Еңбегі еш болмады. Өнімдері әлі күнге дейін сұраныста.

Виктория Джандарова, кондитер:

- Пандемия кезінде көптеген шараға тыйым салынды. Жиналуы керек адамдар саны шектелген. Қазір кішкентай торттарды жасап жатырмыз. Меніңше, торттың салмағы мен биіктігі маңызды емес. Өнімді әсерлі етіп жеткізу маңызды. Біз соған көңіл бөліп отырмыз.

Виктория шоу-торттарды өзі жеткізіп береді. Сондықтан болар, оның өнімі қуанышқа жайылған дастарханның сәні ғана емес, меймандарға деген ыстық ықыластың нышанындай.

Мерей Мұратханқызы, Нұрғали Мамырбаев

Сондай-ақ...