Еліміздің батысында дауыс беру басталды

Еліміздің батысында уақыт айырмашылығына байланысты дауыс беру Нұр-Сұлтан уақытымен сағат таңғы 08:00 басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір Маңғыстау облысындағы 2 қала мен 5 ауданда орналасқан барлық 231 сайлау учаскесі есігін айқара ашты. Оның 14-і вахталық әдіспен жұмыс істейтін кен орындары мен әскери бөлімдердегі жабық сайлау учаскесі. Теңіз аралында орналасқан әскери бөлімдердегі қызметкерлердің дауыс беру мүмкіндігін қарастыру мақсатында арнайы тікұшақ бөлініп отыр.

Қазір осы өңірдегі арна Гүлмира Әбішева бізбен тікелей байланысқа шығып, сайлау барысын баяндап бермек. 

Гүлмира Әбішева, тілші:

- Қазір мен Ақтау қаласындағы №51 сайлау учаскесінде тұрмын. Мұнда 1479 дауыс беруші тіркелген екен. Ашылғалы бір сағаттың ішінде біраз адам келіп, өз таңдауын жасап үлгерді. Айта кетерлігі, учаске санитарлық талаптарға сай жабдықталған. Өздеріңіз көріп тұрғандай, кіреберіске дезинфекция жасайтын тунель қойылған. Дауыс беруге келгендердің дене қызуы өлшенуде. Бетпердесін ұмыт қалдырғандарға бетперде беріліп жатыр. Ал, комиссия мүшелерінің барлығы пластикалық қорғаныш құралы мен қолғап киіп алған. «Бір реттік қаламдар қойылған. Сағат сайын ғимарат іші жуылып, тазаланады», - дейді мұндағылар. Осы санитарлық талаптарға байланысты облыстың бас санитар дәрігерінің пікірін тыңдасақ.

Ғазиз Надуев, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық департаментінің басшысы:

- Бүгінгі таңда бұл процесс ұзақ уақытты алмайтын болғандықтан, сайлауға қатысатын облыс тұрғындарына ПТР талдау тапсырудың қажеті жоқ. Біз халықтан сұранатынымыз, сайлау учаскесіне келгенде бетперде тәртібін сақтау қажет және әлеуметітк арақашықтықты сақтап, қойылған антисептиктерді пайдалану қажет болады. Осы шараларды сақтауды жергілікті атқарушы органдарға жүктелген. Және әр жердегі тұрған сайлау комиссиясының қызметкерлері қамтамасыз ететін болады.

Гүлмира Әбішева, тілші:

- Міне, дауыс беру басталғалы 1 сағаттан аса уақыт өтті. Осы аралықта Маңғыстау ауданында бір ғасыр жасаған қос қария сайлауға қатысып, дауыс беріпті. Олар үйлерінде дауыс беру мүмкіндігіне ие болған. Бірі жақында ғана 100 жылдық мерейтойын тойлаған Ақілгек әжей, екіншісі 104 жастағы Қанзия әже. Екеуі де тыл ардагері, көп балалы ана екен.

Айта кетейік, Маңғыстауда облыстық, қалалық және аудандық мәслихатқа 4 саяси партиядан барлығы 319 кандидат тіркелді. Оның 131-і әйелдер мен жастар. Ал, сайлау процесін 2220 байқаушы бақылайды. Ұзақ мерзімді 2 байқаушы бар. Олар Швеция мен Италиядан келген.