Павлодарда тәркіленген спирттен антисептикалық заттар өндіріледі

Павлодарда көлеңкелі айналымнан алынған 2,9 мың литрден астам құрамында спирт бар өнім антисептикалық заттар шығаруға қолданылады.

«ҚР ҚМ Қаржы мониторингі комитетінің Павлодар облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті жедел-іздестіру шаралары барысында бұдан бұрын көлеңкелі айналымнан алынған 2,9 мың литрден астам құрамында спирт бар өнімді С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің химия және химиялық технологиялар кафедрасына антисептикалық заттарды өндіріп шығару үшін табыстады», - делінген хабарламада.

Сонымен қатар Павлодар облысының тұрғындары арасында COVID-19 короновирустық инфекциясының таралуының алдын алу мақсатында Павлодар облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті пандемия басталған кезеңнен бастап айналымнан алынған құрамында спирт бар сұйықтықтарды, сондай-ақ медициналық маскалар мен антисептиктерді уәкілетті органдар мен мекемелерге беруді жүзеге асыруда.