Көлік полициясы ең үздік қызметкерлерді марапаттады

Көліктегі полиция департаментінде өткен салтанатты іс-шарада 2020 жылғы жұмыс қорытындысы бойынша үздік қызметкерлер іріктеліп, марапатталды.

Бұл игі шараның басты мақсаты – жедел-қызметтік жұмысты жетілдіру, қоғамдық тәртіпті қорғау, теміржол және әуе көлігі нысандарында орын алған қылмыстарды ашу,  сондай-ақ тергеу бойынша жұмыстың тиімділігін арттыру үшін Департамент бөлініс басшылары мен қызметкерлерін ынталандыру.

Қазіргі таңда Көліктегі полиция департаментінде екі мың жарымнан аса қызметкер бар. Арнайы құрылған комиссия соның ішінде 16 сақшыны «Үздік көлік полицейлері» деп анықтады.

Мәселен, Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Гүлнар Жақиянова үздік полицей танылды, деп хабарлайды ведомство баспасөз қызметі.

Г. Жақиянова өмірінің жиырма үш жылдан аса уақытын қылмыскерлерді іздеу мен түрлі қылмыстарды ашуға арнады. Жауапты қызметті абыроймен атқарып, өзін нағыз маман ретінде дәлелдеп келеді. Әріптестерінің алдында да зор құрметке ие. Жанұяда екі бала тәрбиелеп отырған аяулы ана.

«Мен үшін ең маңызды – ол өзімнің сүйікті отбасым. Олар маған әрқашан қолау көрсетіп, сенімді тірек бола алды», – дейді полиция подполковнигі.

Үздіктер қатарынан табылғандардың енді бірі – Қызылорда станциясындағы Желілік полиция бөлімінің кинологиялық қызмет тобының кіші инспектор-кинологы Жәнібек Бәкір. Полиция старшинасы есірткі құралдары мен психотроптық заттарды іздеу желісі бойынша қызметтік итпен жұмыс істейді. 2020 жылы қызметтік-іздестіру итінің көмегімен Жәнібек 20-дан аса есірткі қылмысын анықтап, заңсыз айналымнан 2 килограмм түрлі есірткі құралдарын тәркілеген.

Департаменттің арнайы және жұмылдыру дайындығы басқармасының аға инспекторы Нұркен Баймырзаев та антына берік, өз мамандығын шын берілген азамат. 

Полиция капитаны Н. Баймырзаев қоян-қолтық ұрыстан Қазақстан Республикасының спорт шебері. Бүгінгі таңда ол әріптестеріне жеке қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қылмыскерлерді ұстау кезінде оларға қарсы физикалық күш қолдану тәсілдерін, сондай-ақ арнайы құралдар мен атыс қаруларын дұрыс қолдану әдістерін үйретіп жүр.

Шара барысында барлық жеңімпаздар Департамент бастығының бұйрығымен марапатталды.