Шымкентте күшіктен құтыру дерті анықталды

Шымкентте үш айлық күшіктен құтыру дерті анықталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы мәлімдеді. Үй иелері күшікті өткен жылдың қараша айында бір айлық кезінде жабық базардан сатып алыпты. Оған жеке ветеринариялық клиниканың бірінде оба ауруына қарсы екпе салдырған. Алайда ит желтоқсанда аяқ астынан мерт болады. Иелерінің сұрауымен құтыру індетіне қарсы сынама алған мамандар иттің басын зерттегеннен кейін құтыру дертін анықтаған.

Ендігі жерде құтырған ит анықталған елдімекен залалсыздандырылып, шектеу шаралары енгізілмек. Шектеу жұмыстары 60 күн яғни екі айға жуық уақытты қамтымақ. Сондай-ақ сол маңда тұратын тұрғындардың ит мысықтарына екпе егу шаралары да жүргізіледі. Одан бөлек қаладағы қаңғыбас иттер назарға алынады. Ал қалалық санитариялық эпидемилогиялық бақылау департаментіндегілер құтырған күшікпен байланыста болғандарға екпе егіліп, олар санитар дәрігерлердің бақылауында екенін жеткізді. Осы отбасының ешқандай мүшесінен құтыру ауруы анықталмаған.

Манарбек Ержігітов, қалалық Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы ветеринария бөлімінің басшысы:

– Құтыру ауруына қарсы тексерген кезде 28 қаңтар 2021 жылы құтыру ауруына оң нәтиже бергендегі анықталды. ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық инспекциясы қаланың бас мемлекеттік ветеринарлық санитарлық инспекторы қала әкіміне ұсыныс беріп, соған сәйкес қазіргі таңда сол көшеге шектеу қою жұмыстары жүргізілуде.