СҚО-да балықтарға ауа жіберу жұмыстары басталды

Солтүстік Қазақстан облысында өзен-көлдің мұзын ойып, ауа жіберу жұмыстары басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жұмыс биыл ерте қолға алынды. Мамандардың айтуынша, су қоймаларында мұз тым қалың. Қар да көп жауды. Сондықтан балықтар қырылып қалуы мүмкін.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

– Биыл қыс қатты болды. Қазірдің өзінде мұздың қалыңдығы 1 метрге дейін қатып қалған. Сондықтан оның астындағы балықтарға ауа қажет.

Бұл – Қазақстан мен Ресей шекарасындағы Сливное көлі. Тереңдігі 4-ақ метр. Балық көп. Шортандары 10 келіге дейін тартады. Оларды өсірумен айналысатын Виталий Ренёв биыл ауа жіберудің тың әдісін енгізді. Мұздың астына құбыр тартылған. Ал оттегі мына құрылғы арқылы жіберіледі. 

Виталий Ренёв, көлді жалға алушы:

– Бүгінгі таңда бұл суға ауа жіберудің ең тиімді жолы. Мұздың астында оттегі қоры тез тарайды. Балық та өзін жақсы сезінеді.

Солтүстік Қазақстан облысында 2 мыңнан астам көл бар. Мамандардың айтуынша, биыл балықтардың жағдайы қиын. Қалың қар мен көк мұздан судағы ауа аз. Сондықтан аэрация жасалады.

Ильдар Кәкімов, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы:

– Бүгінгі таңда облыс бойынша 10 мыңнан астам ойық ойылды. Ал жалға алынбаған су қоймаларында бұл жұмысты жергілікті атқарушы органдар жүргізеді. Былтыр өңірде 4 рет балық қырылды.

Балық қырылмас үшін бұл жұмыстар мұз ерігенше жүргізіледі. 

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов