Алматы облысының үш елді мекенін су басты

Алматы облысындағы 40 шақты үйдің ауласын қар суы шайып кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мамандардың айтуынша, оған күн райының күрт жылынып, жауын жаууы себеп болған. Жердің тоңы жібімегендіктен су арықтардан асып, түнде елді мекендерге жеткен. Нақтырақ айтқанда, Ескелді ауданының Ешкіөлмес және Алдабергенов ауылдары мен Көксу ауданындағы Талаптының тұрғындарын әбігерге салды. Оқиға орнына жеткен төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері 10 шақты адамды қауіпсіз аймаққа шығарған. Су арнасын бұрып, аулаларға жиналғандарын арнайы құрылғымен сорғызды. Сонымен қатар тоспалардың табанын тереңдету, бөгеттерді бекіту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Сағира Тұрлыбекқызы, Алдабергенов ауылының тұрғыны:

– Мына үйімді түгел, бәрін қаптап кеткен болатын. Соның бәрін сорғызып, солардың арқасында тазарып отырмыз.

Ерлан Ахашов, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:

– Су басу салдарын жоюға 67 қызметкер мен 15 дана техника жұмылдырылды. Сонымен қатар жергілікті атқарушы орган тарапынан 25 адам көмекке келді. Полицейлер де тартылды. Бірлесе атқарған жұмыс нәтижесінде қауіп сейілді. Қазір жағдай қалыпты, еш қауіп жоқ.