Ақтаулық оқушылар тері ауруларын анықтайтын сайт жасап шығарды

Ақтаулық екі оқушы тері ауруларын сипаттап, 65-70 процент дәлдікпен диагноз қоятын сайт жасап шығарды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жоба авторлары химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10-сыныбында оқиды. 2 айда жасалған жобаны науқастармен қатар маңғыстаулық дерматолог-дәрігерлер де оқу-әдістемелік құрал ретінде қолдана бастады.

Жоба авторларының айтуынша, ғаламтор қолданушы теріге шыққан кез келген бөртпе немесе жараны фотоға түсіріп, «SkinSaver» деп аталатын сайтқа жүктеуі керек. Компьютерлік бағдарлама әзірге 10-ға тарта тері сырқатын анықтай алады. Жас өнертапқыштар қазіргі уақытта деректер базасын жетілдіру үстінде. Алдағы уақытта рентген суреттері арқылы өкпе ауруларын да дәлме-дәл анықтауға болатынын айтады.

Аймұрат Жеткізгенов, жоба авторларының бірі:

- Сұлтан екеуміз «SkinSaver» сайтын ойлап таптық. Бұл ой бізге оқу жылының басында келді. Өйткені ғылыми жобалар байқауына қатысқымыз келді. Сайтымыздағы аурудың бірі – «Невус» деп аталады. Ол адам терісінде кәдімгі қал ретінде пайда болады. Алайда бұл қалдың артында қатерлі ісік тұруы мүмкін. Айтып кеткендей, 9 түрлі тері ауруларын анықтай алады және болашақта бұл тізімді ұлғайта бергіміз келеді. Сонымен қатар аурудың диагнозын қою нақтылығын жоғарылатқымыз келеді.

Оқушылар ойлап тапқан медициналық сайтта дерматит, герпес, терінің қатерлі ісігі секілді жиі кездесетін сырқат туралы мәлімет жазылған. Әзірге орыс тілінде. Санаулы күндерден соң ғаламтор қолданушылар оларды қазақ тілінде оқып, таныса алады. Өңірлік тері-венерологиялық диспансерінің дәрігерлері де бұл жаңалықтан хабардар. Олардың айтуларынша, мұндағы ақпарат әлі де толықтырылуы керек.

Татьяна Лаврова, облыстық тері-венерологиялық диспансер директорының міндетін атқарушы:

- Мұндай сайттың ашылғаны да дұрыс, бірақ әр дәрігер үшін науқастың толық медциналық тексеруден өткені әлдеқайда маңызды. Көп жағдайда емханаға қаралушы адам денесіне шыққан бір ғана дақ не бөртпені ғана көрсеткісі келеді. Біз өз кезегімізде ауруды жасыруға болмайтынын ескертіп, денесін түгелдей қарап шығамыз. Оқушылар жүзеге асырған жобаның тиімді тұстары әрине бар. Десек те, нақты диагнозды тек медицина қызметкерінің ғана қоятындығын ұмытпаған жөн.

Айта кетейік, мұндай жобаның ТМД елдері бойынша әзірге баламасы жоқ. Оны жүзеге асырған ақтаулық оқушылар алғашқы авторлық жұмыстарын патенттеу үшін өтініш беріп те қойған.

Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев