Жамбыл облысында қазақтың ежелгі дәстүрі қайта жаңғыруда

Жамбыл облысында «Рухани Жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақтың ежелгі асар дәстүрі қайта жаңғыртылуда.

 Бұл туралы аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев айтып берді, деп хабарлады Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі.

«Жамбылдықтар көптеген игі бастамаларды батыл түрде жүзеге асырып, елдің ықыласына бөленуде. Олардың қатарында «Асарлатып үй салу» жобасы да бар. Облыс тұрғындары ата-бабаларымыздың ежелгі дәстүрін қайта жаңғыртып жатыр. Жанашыр азаматтардың қолдауымен 100 мұқтаж отбасы баспаналы болды. Осынау шараға белсенді атсалысқан барлық облыс тұрғынына алғыс айтамын. Мұның бәрі бізді баршаға оңай тимеген 2020 жылы одан әрі жақындастыра түскендей. Бұл жобаны биыл да жалғастырамыз. Асар әдісімен тағы 100 үй салу жоспарлануда», - деді облыс әкімі.

Айта кету керек, «Асарлатып үй салу» жобасының мақсаты – ауылдастарының ортақ күшімен көршілеріне, мүгедектерге, аз қамтылған және көп балалы отбасыларға тұрғын үй салып беру.

Жоба аясында бірінші кезектегі тұрғын үйге мұқтаж адамдар жергілікті ақсақалдар кеңесінің мақұлдауымен шешіледі. Жер учаскесі мен құрылыс материалдарын бөлуде жергілікті атқарушы органдар да игі бастамаға барынша атсалысуда.