«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына өтініш қабылдау басталды

Биыл бұл шара төртінші рет өтеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Былтыр пандемия салдарынан байқау өтпеді. Түрлі салада жетістікке жеткен жастарды ұлықтау мақсатында биыл дәстүрлі жоба қайта жанданды. Байқауға елде және елден тыс жерде тұратын барлық қазақстандықтар қатыса алады. Өтінімдер медицина, білім беру, ғылым және инновация, экология сынды 7 аталым бойынша іріктеледі. Айта кетерлігі, биыл қазылар алқасына алдыңғы жылдардың жеңімпаздары мен әйгілі спортшы Александр Винокуров, меценат Эдуард Ким сынды белгілі тұлғалар кірген. Өтінімдерді қабылдау 15 наурызға дейін жалғаспақ. Үміткерлер өтінімдерді 100janaesim.ruh.kz сайтына жүктей алады. Биылғы жылдың 100 жаңа есімі сәуір айының орта шенінде белгілі болады.

Кемелбек Ойшыбаев, Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі:

- Біріншіден, әділқазылар отырысын оффлайн өткіземіз. Бірақ бүкіл талаптарға сәйкес өткізіледі. Екіншіден, 100 жаңа есім жеңімпаздарын анықтаған соң осы астанада жеңімпаздарды жинап, мемлекеттік басшылары құттықтауға келген кезде ол жерде барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып, оффлайн түрде тек қана құттықтаушылар мен құттықтайтын азаматтар қатысады.