Қостанайлық волонтерлер «Шимай қағаздағы кітап» атты жобаны қолға алды

Қалауын тапса, шимай қағаздан да пайда бар. Қостанайлық жастар қолданыста болған А4 форматты қағазды екінші рет кәдеге жаратып, кітап басуды қолға алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Халықты қоршаған ортаны қорғауға үндейтін бастаманың қолға алынғанына санаулы күндер өткен. Осы уақыт ішінде экобелсенділер елу келіге жуық қағаз қабылдап, үш кітап басып шығарып үлгерді.

Экоклубта кітап қарапайым әдіспен басылады. Әуелі қалаған әдебиет интернетте PDF форматында өңделеді. Кейін сұрыпталған қағазда принтерде шығарылып, сол жерде түптеледі. Авторлық құқығы бұзылмас үшін таралымы шектеулі, яғни бір дана. Бүгін Келли Макгонигалдың «Ерік-жігер» атты кітабы басылды.

Наурызбек Бірмағамбетов, экоклубтың негізін қалаушы:

- Көркем әдебиеттерді басып шығармаймыз. Педагогика, психология, кәсіпкерлік тақырыбындағы кітаптарға басымдық береміз. Әзірге үшеуі түптеліп оқырмандарға жол тартуға дайын. Басылып шыққан әдебиеттер экоклубтың қорында сақталады. Кез келген адам осында келіп оқи алады.

Жазулар әр парақтың бір жағында болғандықтан, кітаптардың салмағы жеңіл деуге келмес. Ал екінші жағында түрлі кеңселерде жазылған мәліметтер басылған. Волонтерлер «Шимай қағаздағы кітап» атты жобамен көпшілікті қағазды үнемдеп пайдалануға үндейді.

Наурызбек Бірмағамбетов, экоклубтың негізін қалаушы:

- Экология департаменті тарапынан қолдау бар. Олар қағаз қыстырғыш сияқты түрлі саймандармен жабдықтайды. Ал үкіметтік емес ұйымдардың ресурстық орталығы бөлме мен принтер, компьютер ұсынып отыр.

Экоклубтың бірқатар жоғары оқу орындарымен келісімі де бар. Бұған дейін университеттер мен институттар кеңсе қағазын кәдеге жаратпай, қоқысқа лақтырып келген. Қазір оларды волонтерлер арнайы жәшіктерден алып кетіп жүр. Сұрыптау кезінде қағаздың бір бөлігі макулатураға және баспаға жіберіледі.

Әмина Біркемелова, студент:

- Қағаздардың ішіндегі бір жағы қолданған, бір жағы таза болса бір бөлек қоямыз. Немесе бір жақтары тесік бөліктерін бөлек қоямыз. Сонымен қатар кітаптың бетіне жарамсыз, яғни жұқа қағаздар принтерден өтпегендіктен, оларды қолданыстан алып тастаймыз.

Биыл экобелсенділер 100-ге жуық кітап басып, шағын кітапхана ашуды көздейді. Ал өңдеуге жіберілетін қағаздан құс фабрикалары үшін жергілікті зауыт жұмыртқа қораптарын шығарады.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров