Жезқазғанда «70 игі іс» жобасы жүзеге асады

Жезқазғанда ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай және мысты қаланың 70 жылдық мерейтойы қарсаңында «70 игі іс» жобасы қабылданды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Үш жылға жоспарланған жұмыстар 6 бағыт бойынша жүзеге асады. Соның алғашқысы – тұрғындарды баспанамен қамту. Бүгінде Кеңгір өзенінің жағалауында жаңа ықшам аудан салынып жатыр. Алғашқы 70 пәтерлі үй қазір дайын. Наурыз мерекесінде әлеуметтік аз қамтылған отбасылар осында қоныстанатын болады. Бұдан бөлек, жобада әлеуметтік саланы, инфрақұрылымды дамыту, кәсіпкерлік пен өндірісті ілгерлету, шаһардың сәулетін жақсарту, мәдени шаралар өткізу сынды жұмыстар қолға алынған. Кәсіпкерлік пен өндіріс саласында 11 ірі жоба жүзеге аспақ. Биылдың өзінде өнеркәсіптік реагенттер өндіретін зауыт, қара мыс концентратын өндіретін зауыт және құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорын іске қосылады. Игі жұмыстардың тең жартысына қазына қаржысы бөлінсе, қалған бөлігі инвесторлардың есебінен жүзеге асады.

Зина Ақылбекова, Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары:

- Бұл жоба бекітілген. Бірінші талдау жұмыстарынан өткен. Депутаттардың алдында қоғамдық тыңдауларда талқыланып, қазіргі таңда мақұлданған. 2021 жылға қаражаттары барлығы қарастырылып, бөлінген. Ал енді бұл жұмыстардың барлығы 2024 жылы желтоқсан айында бітеді деп жоспарлап отырмыз.