Қарағандылық 111 жастағы қария көрпе тігіп, сиыр сауады

Қарағанды облысының Қызылжар ауылында тұратын 111 жастағы Түймекүл әжей әлі күнге құрақ көрпе тігіп, қымыз ашытады. Кейде тіпті сиыр да сауады екен.

Қызылжар ауылына түскен кез келген қонақ Түймекүл әжейдің шаңырағына соғып, батасын алуға асығады. Алыстан қымызын аңсап келетіндер де бар екен.    

Түймекүл Темірбаева 1910 жылы Жамбыл облысында дүнниеге келіп, кейін тұрмысқа шыққан соң Аязбай ақсақалмен Арқа жеріне қоныс аударады. Содан ұзақ жыл жылқы бағып, мал шаруашылығымен айналысқан.

Түймекүл Темірбаева, Қызылжар селосының тұрғыны:

– Жылқышыға көмекші болып жүрдім. Екі жылдай Қарағандыға бие сауып, қымыз ашытып жіберіп отырдық. Егіншілерге де жібердік. Шалым жылқы бағады. Бармаған жеріміз жоқ.

Аштықты, соғысты көрген кейуана 8 құрсақ көтерген. Қазір 54 жастағы ең кенже ұлының қолында тұрады. 20-ға жуық немересі мен 30-дан астам шөбересі бар әже бүгінде бір ғана әулеттің емес, бүтін бір ауылдың әзиз анасы. 

Қарт ананың есту қабілеті аздап жоғалғанмен көзі жақсы көреді. Инеге жіпті өзі сабақтап, іс тігеді. Білгенін келіндері мен немерелеріне үйретуден жалыққан емес.

Айтолқын Аязбай, немересі:

– «Қарты бар үйдің қазынасы бар» демекші, апамыз ақ жаулығы желбіреп, кішкентай кезімізден бізге бар тәрбиесін берді. Асырады, өсірді. Кішкентай кезімізде ертегі айтып беретін, одан мектепке барғанда тамағымызды беретін. Кейін өскен соң, шаруаға іліккен соң бие саууды, сиыр саууды үйретті. Қымызды да баптауды білеміз, қолымыздан барлығы келеді, Аллаға шүкір, апамыз үйретіп жатыр.  

«Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» демекші, әжей әлі де тың. Бос отырғанды ұнатпайды. Үнемі қозғалыста жүру денсаулыққа пайдалы деп біледі. Немерелерінің айтуынша, барлық көйлегін өз қолымен тігеді екен.

Сөртібай Темірбаев, кенже ұлы:

– Еңбекқорлығының, шаруасының арқасында осы жасқа жеткен шығар деп ойлаймын. Мен шықпа, үйде отыр деп кетемін, келгенде далада жүреді. Малдың қасына барады, күрек, айыр ұстап кетеді. Шелекке жем салып алып, қой-қозыға жем берейін деп кетеді. Жазда бие сауамыз. Кейде үйде адам болмай қалғанда, бие байланып тұрғанда, шелекті алып, обал болады деп барып сауады.   

Балаларының бұл сөзіне біз де куә болдық. Әжей еш қиналмастан далаға шығып, сиыр сауды. Сүйегі асыл анамыз енді шөпшектің қолынан су ішсем деп армандайды.

Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Аслан Демесбаев