Атырауда пара алды деген күдікпен басқарма басшысы ұсталды

Атырауда облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы пара алып, қолға түсті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары басқарма басшысын жұмыс орнында пара алды деген күдікпен ұстаған. Бейресми ақпараттарға сүйенсек, шенеунік мұнайлы өңірге жұмысқа келген әр шетелдік азамат үшін жұмыс берушіден 500 мың теңге көлемінде ақша алып келген. Айта кетейік, бұған дейін де Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары мен құрылыс басқармасының басшысы 182 млн теңге көлемінде пара алды деген күдікке іліккен еді.

Асқарбек Ермұқашев, облыстық СЖҚІҚ департаменті тергеу басқармасы басшысының уақытша м.а.:

- ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментімен 2020-2021 жылдар аралығында ЖШС директорынан шетелдік жұмыс күшіне рұқсат қағазын беруге көмек көрсетіп, жалпы қамқорлық үшін пара алған «Атырау облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» ММ басшысына қатысты қылмыстық іс тергелуде. ҚІЖК-нің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіндегі өзге де ақпарат жариялауға жатпайды.