СҚО-да төрт ауылға ауызсу тартылады

Солтүстік Қазақстан облысындағы Бірлік, Кеңес, Жаңажол, Жаңаталап ауылдарына су тартылады.

Бұл мақсатқа ел қазынасынан 1,8 млрд. теңге қарастырылған. Екі жылға арналған жоба бір жырым мың халықты таза ауызсумен қамтуға мүмкіндік береді.

Айымгүл Сейдахметова Бірлік ауылына келін болып түскеніне 7 жыл болды. Келіншек бар шаруасын осы құдықтың суымен тындырады. Ыдыс-аяқ, кірін жуып, тамағын дайындайды.

Айымгүл Сейдахметова, Бірлік ауылының тұрғыны:

- Ауылда суды ешкім тартқан жоқ. Бір үй ғана үй тартты. Біз құдықтан ғана тартамыз.

Бірлік ауылында осындай «тоқ құдық» әр үйде бар. Мектеп оқушылары да жер астынан тартылған суды ішеді. Тіршілік нәрі 10 метр тереңдіктен шығады. Бұл жақта бұлақ көзі көп. 

Серғазы Бейсенбаев, Бірлік негізгі мектебінің директоры:

- Судың сапасын біз жылына екі рет: оқу жылының басында, оқу жылының ортасында тексертеміз. Сапасы жақсы, дегенмен заман талабына сәйкес үйге кіріп тұрғаны дұрыс деп ойлаймын.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Шал ақын ауданында 42 ауыл бар. Сол 42 ауылдың төртеуінде ғана су орталықтандырылған. Сосын аудан орталығы – Сергеевка қаласында бар. Қалғандары құдыққа қарап отыр.

Бұл мәселе кезең-кезеңмен шешілмек. Бірінші кезекте Шал ақын ауданының Бірлік, Кеңес, Жаңажол және Жаңаталап ауылдарына су тартылады. Жоба құны - 1,8 млрд. теңге.

Саят Омаров, шал ақын аудандық түкш бөлімінің басшысы:

- Сонымен қатар бізде Семиполка, Ступинка, Повозочное ауылдарына су тарту құжаттары дайын болды. Қазір мемлекеттік сараптама жасалып жатыр. Бұл жоба 2 мың адамды тіршілік нәрімен қамтуға мүмкіндік береді.

Су – күн тәртібінен түспеген сұрақ. Өткен жылы өңірде 76 ауыл тіршілік нәрімен қамтылды. Ал биыл бұл мақсатқа 11 млрд теңгеге жуық қаржы қарастырылып қойылған.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев