Еліміздің батысында наурыздағы мейрамдардан кейін КВИ жұқтырғандар саны күрт өсті

Еліміздің батысындағы үш облыста эпидемиологиялық жағдай ушығып барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Санитариялық дәрігерлер наурыздағы мейрамдардан кейін инфекция жұқтырғандар саны күрт өскенін айтады. Сондықтан шектеу шараларын күшейтіп жатыр. Ақтөбе облысында карантинді елемейтін кәсіпкерлік нысандарына айыппұл емес, басқа жаза қолдану қарастырылады.

Коронавирустың таралуы бойынша «қызыл аймаққа» енген Батыс Қазақстан облысында эпидемиолгиялық жағдай асқынып барады. Тек соңғы тәуліктің өзінде 94 адамнан ауру белгісі анықталса, үстіміздегі айда індет жұқтырғандардың саны 1800-ден асады. Олардың арасында науқастармен қарым-қатынаста болғандар және вахталық әдіспен жұмыс істейтіндер де бар. Он күн бұрын карантиндік шаралар күшейген еді. Алайда, соңғы уақытта аурушаңдықтың өсуі байқалады. Осы жағдайды ескерген өңірдің бас санитарлық дәрігері карантиндік шараларды күшейту уақытын сәуірдің 16-ына дейін созуды сұрап отыр.

Арман Қалибеков, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының м.а.:

- 8 инфекциялық стационар жұмыс істейді. Қазір кереуеттердің толымдылығы 60%-ке жетті. Бұл республика бойынша ең көп көрсеткіш. Өкінішке қарай, жыл басынан бері облыста 68 адам осы дерттен көз жұмды. Яғни, қаңтар айында 28, ақпанда 15, ал наурыз айы басталғалы 25 адам қайтыс болған.

Соңғы екі аптада Атырау өңірінде де 500-ге тарта адамның қауіпті дертке шалдыққаны анықталды. 288 науқас ем қабылдап жатыр. Бұдан бөлек, жұқпалы індеттің мектеп оқушылары арасында тарай бастағаны алаңдаушылық туғызып отыр. Бүгінде облыстағы 14 мектептен ауру белгілері анықталыпты. Бір мектепте екі сынып карантинге жабылған. Жағдайдың ушығуына орай бүгіннен бастап облыстың бас санитарлық дәрігерінің жаңа қаулысы күшіне енді. Құжатқа сәйкес, енді базарлар мен ірі сауда орындары алты күндік жұмыс жүйесіне көшірілді. Сондай-ақ мекеме кәсіпорындардағы жиналыстар шектелді. Олардың жұмысын арнайы мониторингтік топ қадағалайтын болады.

Амантай Жұмағалиев, облыстың бас санитариялық дәрігерінің орынбасары:

- Соңғы аптада аурудың симптомды жағдайлары көбейді. Оның ішінде Атырау қаласында. Мектептер қазір 1-5 сыныптар бұрынғы форматта оқып жатыр. Сосын оқу бітіретін 9-11-12 сыныптар 70%-ке дайын штаттық режимде, қалғандары 30%-і онлайн режимде оқиды. Бірақ барлығы да бір кабинеттік жүйеде оқиды. Мектептерде сақтық шараларын қатаң сақтау керек.

Ақтөбе облысында да коронавирус инфекциясына шалдығушылар саны артып барады. Тек өткен тәуліктің өзінде 61 жағдай тіркелсе, тағы бірнеше адамнан пневмония анықталды. Дәрігерлердің айтуынша, бұған тұрғындардың да сақтық шараларына салғырт қарауы себеп болуда. Ал, тойханаларда түрлі іс-шаралардың өтуі тыйылар емес. Өңірдің бас санитарлық дәрігері «жағдай бұлай жалғаса берсе, таяу күндері тағы да қатаң шектеулердің енгізілуі мүмкін» деді. Талапты ескермеген кәсіпкерлік нысандарына айыппұлдан да басқа жаза қолдану көзделіп отыр.

Нұрсұлу Беркімбаева, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:

- Жергілікті атқарушы органға тағы да бір ұсыныс бергіміз келеді. Кейбір кәсіпорындар айыппұлын төлесе де, қайтадан жұмысын істей береді. Сол себептен тіпті электр қуатын я су қуатын бірнеше рет әкімшілік шаралар қолданылған кәсіпорындарға коммуналдық қуаттарын өшіртуге.

Дәрігерлер тек осы наурызда вирус жұқтырғандардың саны күрт өскенін айтып отыр. «Ал індеттің таралуын тоқтатуға әркімнің өз жауапкершілігі қажет», дейді.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев