COVID-19: отандық вакцина 25 сәуірде пайдаланыла бастайды

Қазақстандық журналистер отандық QazCovid-in вакцинасын жасаған Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының жұмысын көрді.

Ғылым орталығы Жамбыл облысының Қордай ауданында орналасқан. Қазір мұнда қазақстандық вакцинаның 50 мың дозасы дайын тұр. Ол 25 сәуірге дейін елдегі барлық «СҚ-Фармация» қоймаларына жеткізіледі.

Айта кетейік, QazCovid-in вакцинасы қазір QazVac деп аталады. Отандық вакцинаның тиімділігі Ресейлік «Спутник V-ден» еш кем емес дейді мамандар.

QazCovid-in вакцинасы өткен жылды наурыз айынан әзірлене бастады. Алдымен жануарларға клиникаға дейінгі зерттеулер жасалды. Содан соң волонтерлерге клиникалық сынамалар жүргізілді. Сынақ жақсы аяқталып, отандық вакцина Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының оң бағасын алды. Бүгінде Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырысы бойынша 50 мың дозасы дайын тұр. 

Күнсұлу Закарья, биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғзи бас директоры:

– Елу мың доза сәуір айының 25 жұлдызында тапсырылады Одан кейін біз келесі айларда көлемін көбейтіп, 500 мың доза жоспарлаудамыз. Жалпы көлемі – 2 миллион доза.

Алғашқы 50 мың доза 25 мың адамға егіледі. Яғни бірінші қабылдаудан кейін арада 21 күн өткен соң екінші дозасы салынады. QazVac вакцинасы инактивтелген, яғни өлтірілген вакцина. Бір қорапта 10 құтыдан болады. «Спутник V» секілді арнайы тоңазытқышта емес, отандық вакцинаны кез келген үйдегі тоңазытқыштарда сақтай беруге болады. Жамбыл облысындағы ғылыми-зерттеу институты бұған дейін 60 түрлі атаулы вакциналар мен балама жасауға арналған тест-жүйелерді даярлау технологияларын әзірлеген.

Күнсұлу Закарья, биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғзи бас директоры:

– Бүгінгі күні вирусология мамандарын дайындайтын бізде оқу орындары жоқ. Сондықтан Білім және ғылым министрлігінің тарапынан вирусология мамандарын дайындау жұмыстары өткізіліп отыр. Келесі жылдан бастап магистратура және докторантура вирусология мамандығы бойынша ашылайын деп отыр. Және біздің институтта сол мамандарды дайындайтын диссертациялық кеңес ашылады.

Еліміздегі беделді институт 1962 жылы құрылған. Қазіргі таңда институтта 214 ғылыми қызметкер жұмыс істейді. Мұнда 13 ғылыми зертхана бар. Алайда жас мамандар жетіспейтін көрінеді. Өйткені жұмыс ауыр әрі қауіпті. Вирусологияға ғылымға шын берілген адамдар ғана келеді дейді инситут өкілдері.

Жандос Айтбайұлы, тілші:

– Біз қазір технологияларды және биопрепараттарды бақылау зертханасындамыз. Мұнда егеуқұйрықтар, күзендер, теңіз шошқалары, яғни осы лабораториялық жануарлар арқылы отандық вакцианың мамандар сапасын тексеріп білуде. Осыдан 10 ай бұрын бұл лабораториялық жануарлар вакицина алған. Енді аз уақыттан кейін вакцинаның иммундық нәтижесі белгілі болады. Байқап қарасаңыздар, зертханада арнайы қорғаныс кимімен жүрміз. Жүргенімізге жарты сағат болды. Тыныс алу тым қиын. Қара терге түстік. Ал мұнда мамандар күні бойы осы киіммен жұмыс жасайды. Бұл кісілердің жұмысы қаншалықты ауыр екені айтпасақ та түсінікті шығар.

Қолда бар QazVac отандық вакцинасының 50 мың дозасы Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми зерттеу институтының базасында жасалған. Жалпы аталған институт «СҚ-Фармациямен» қазақстандық вакцинаның 2 миллион дозасын жеткізіп беру жөнінде келісімшарт жасаған. Институт ғылымдары қазір QazVac-тан басқа короновирусқа қарсы вакцинаның тағы 4 түрін дайындап жатыр.   

Жандос Айтбайұлы, Валентин Лобанов