Юрий Гагариннің Байқоңырдан ғарышқа аттанғанына тура 60 жыл толды

Қазақ жерінен ғарышқа алғаш адамның аттанғанына бүгін тура 60 жыл толды, хабарлайды «Хабар 24».

Қазір орбитаға зымыран ұшыру үйреншікті нәрсеге айналғандай.

Кеңістікте Халықаралық ғарыш станциясы жұмыс істейді. Марсқа бару да жиіледі. Тіпті туристік саяхат ұйымдастыратындай кезеңге де жеттік.

Ернат Мелсұлы, тілші:

- Ғарышты бағындыру Байқоңырдан басталған. 1957 жылы адамзат тарихындағы тұңғыш жерсерігі ұшырылды. 3 жылдан кейін Юрий Гагарин қазақ даласынан «Кеттік!» деп ғарышқа алғаш рет аттанды. Ал 1969 жылы АҚШ-тың аңызға толы «Аполлон-11» миссиясы Айға қонды.

Жарты ғасырдан соң Қытайдың «Чанъэ-4» зонды тарихта бірінші рет Айдың ар жағына аяқ тіреді. Екінші аппарат «Чанъэ-5» Айдың 2 келі қыртысын Жерге жеткізді.

У Яньхуа, ҚХР Мемлекеттік ғарыштық басқармасы басшысының орынбасары:

- Біз Ай мен Күн жүйесіндегі планеталарды зерттеудің төртінші кезеңіне келдік. Марсты зерттеу ісін жалғастыра бермекпіз. Жоспар бойынша астероидтарды, Юпитерді зерттеу бағдарламасын да жүзеге асырамыз.

Ғарышты игеруге Үндістан да талпынып жатыр. Бірақ бұл елдің «Чандраян-2» станциясы Айға қонар кезде сәтсіздікке ұшырады.

Жақында Үндістан Марс пен Айға зондтар жіберді.

К.Сиван, үндістанның ғарыштық зерттеулер ұйымының төрағасы:

- Біз алдағы уақытта өз ғарыш станциямызды құрамыз. Сосын Айға бару үшін халықаралық зерттеушілер тобына қосыламыз.

Ғарышты бағындыруға ақша жұмсауда АҚШ алда келеді. Бұл ел былтыр ғана 38 млрд доллар бөлген. Екінші орында 11 млрд шығындаған Қытай тұр. Үштікті 9,5 млрд доллар жұмсаған Еуроодақ түйіндейді. Кейінгі орындарда Ресей, Үндістан және Жапония бар. ХХІ ғасыр – Марсты бағындыру ғасыры. Мамандар «фантастикалық фильмдердегі жетістіктер ақиқатқа айналатын күн алыс емес», дейді.

Ақпанда АҚШ, Қытай мен Біріккен Араб елдерінің ғарыш құралдары Марсқа жетті. Әмірліктің «Әл-Амал» зонды қызыл ғаламшардың атмосферасы мен климатын зерттеп жатыр.

Айеша Әл-Шарафи, миссияның жетекші инженері:

- Ғарышқа аппарат ұшырудың сезімі ерекше. Үреймен қоса бойыңызды шабыт, бақыт, алғыс сезімі билейді. Бірақ ең басты эмоция әрине, үміт.

Ернат Мелсұлы, тілші:

- Марстан тура осындай дыбыс шығады. Желдің үні естіліп тұр. Өзге планетадағы алғашқы дыбысты НАСА-ның «Персиверанс» ровері жеткізді. Оның мақсаты Марстан тіршілік белгісін табу.

Дэйв Грюл, NASA жетекші инженері:

- Бізде 2 микрофон және осыны іске асыруға көмектескен арнайы жүйе болды. Көзіңізді жұмыңыз да, Марста жүрмін елестетіп көріңіз.

Ғарыш игеруге жеке компаниялар да ұмтылып жатыр. Space X орбитаға алғашқы туристік сапар жасамақ ниетте. Қазір адам жинап жатыр. 4 турист қана керек. Компания бұл миссияны биылғы жылдың аяғына дейін іске асырмақ. Туристер ғарышта 3 күн өткізеді.

Авторы: Ернат Мелсұлы