Елордада жаппай вакцинация қарқын алып келеді

Елордада сәуір айынан бастап қала тұрғындарын ғана емес, еліміздің өзге өңірлерінен келген азаматтарды да жаппай вакциналау басталды.

Сәуір айының басынан бастап шамамен 47 мың адам вакциналанды. Сондай-ақ вакцинацияға тұрғылықты жері бар, жұмыс істейтін және ҚР аумағында тұратын шетелдіктер де жіберілді, деп хабарлады елорда әкімдігінің баспасөз қызметі.

Ел тұрғындарын вакциналауды кеңінен қамту үшін Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің тапсырмасы бойынша егу пункттерінің саны 36-дан 100-ге дейін артты. ЖМСК ұйымдары үшін жұмыс уақыты 8:00-ден 24:00-ге дейін, СОО-ларда 10:00-ден 22:00-ге дейін ұзарды. Сондай-ақ қаланың екі ірі «Mega Silk Way»және «Хан Шатыр» СОО-да егу орындары ұйымдастырылды.

Мысалы, бір аптада «Mega Silk Way» СОО-да 1700-ден астам адам вакциналанды.

Екінші сауда-ойын-сауық орталығы «Хан Шатырда» азаматтарды жаппай вакциналау бүгін (19 сәуір) басталды. Жақын арада мұндай пункттер «Керуен» СОО мен «Абу-Даби Плаза» кешенінде де ашылады. Қажет болған жағдайда вакцинация пункттерін қаланың қонақ үйлерінде де ашу жоспарда бар.

Халықтың COVID-19-ға қарсы вакцина алу белсенділігінің жоғары болуына байланысты Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы көшпелі бригадалар ұйымдастырып, еңбек ұжымдарын жаппай вакцинациялауға кірісті. Түрлі кәсіпорындарда COVID-19 вакцинасын алғысы келетіндердің саны 1000 адамға жетеді.

Қала бойынша барлығы 60 мыңға жуық адам вакциналанды.