Мемлекеттік бағдарламамен тұрғызылған үйлерден тұрғындар жарақат алып жатыр

Өскеменде мемлекеттік бағдарламамен салынған көп қабатты үйлер сапасыз болып шықты. Сәл жел соқса, баспаналардың қасбетін қаптаған қыш тақтайшалар құлайды. Былтыр жазда аулада ойнап жүрген баланың үстіне керамгранит құлап жарақат алған. Бірнеше көлік бүлінген. Үйге кіріп шығудан үрейленген жұрт қала әкімдігінің табалдырығын тоздырып жүр.

Машинаға құлаған тақтайшаны телефоннан көрсетіп тұр.

Өскеменде жаңадан бой көтерген тоғыз қабатты бұл үйлер 2008-2010 жылдары мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған. Халық ипотекамен алса да басыбайлы баспаналы болғанға бастапқыда қатты қуанған. Алайда арада 6 ай өткенде жаңа үйдің қабырғасы қақырай бастаған. Қазір аңғал-саңғалы шығып тұр.

Айша Долданқызы, зейнеткер:

- Дұрыс салынбаған. Оны қабылдап алғанда дұрыс қабылдап алмаған ғой, енді. Қорқып әбден бітті, балаларымызды сыртқа шығара алмаймыз. 4 немерем бар. Далаға шықса жанымызды шүбереке түйіп, уайымдап отырамыз.

Олжас Керейхан, тілші:

- Ғимарттың қасбетін қаптайтын мынадай тақтайша көлеміне қарай әртүрлі салмақта болады. Мына тақтайша шамамен 4-5 келі. Тоғыз қабаты мына үйдің жоғарғы жағынан құлағанда оның қандай жылдамдықта және қандай салмақта болатынын есептей беріңіз. Тұрғындардың айтуынша, былтыр аулада ойнап жүрген баланың аяғына түсіп, ауыр жарқат алған.

Арман Нұрғалиев, қала тұрғыны:

- Былтыр осы екінші подъезде тұратын баланың аяғына түсіп, жарқат алды. Бірталай шу болды. Содан кейін басталды ғой. Міне істейміз, қатырамыз деген. Құр әңгіме.

Құр әңгіме екенін білсе де тұрғындар соңғы 9 жылда баспанаға қатысты базынасын айтып, әкімдіктің табалдырығын тоздырып жүр. Ал құрылыста кеткен қателікті  тұрғындар өздері қаражат жинап, қалпына келтірмек болған. Алайда 9 қабат екі үйдің қасбетін толық жөндеу үшін аз дегенде 150 миллион теңге қажет.

Әлібек Тұрсымбетов,  қала әкімінің кеңесшісі:

- Қазір үйдің қасбетін ғана жөндеп қоюға келмейді. Кешенді түрде қалпына келтіру керек. Қазір жоба-жоспарын жасау үшін 1 миллион теңге бөлінді.  Облыстық бюджеттен қаржы бөлдіруге облыстық маслихатқа өтінім берілді. Қаржы қалай бөлінеді, солай жөндеу басталады.

Пәтер иелері кооперативінің төрағасы үйді салған мердігерді іздеп те көрген. Алайда 9 жыл бұрын құрылыспен айналысқан компанияның бүгінде аты болғанымен заты жоқ.  Сондықтан тұрғындардың ендігі бар  үміті қала әкімдігінде.

Авторлар: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин