Қызылорда облысында карантин талаптары күшейді

Коронавирус індетінің таралуы бойынша «қызыл аймаққа» кірген Қызылорда облысында карантин талаптары күшейтілді.

Облыстың бас санитарлық дәрігерінің жаңа қаулысына сәйкес жабық базарлар, СПА салондары, спорттық-сауықтыру нысандары сенбі-жексенбі күндері жұмыс істемейді. Қоғамдық тамақтану орындарының толтырылуы 50% дейін, бірақ 30 орыннан асырмай, сағат таңғы 9-дан кешкі 8-ге дейін ғана қызмет көрсете алады. Мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың кеңсе қызметкерлерінің кемінде 80%-і қашықтықтан жұмыс істеуге көшеді. Екінші деңгейлі банктер мен «Қазпошта» бөлімшелері тұрғындарды таңғы сағат 9 бен кешкі 6-ға дейін қабылдай алады. Ал халыққа қызмет көрсету орталықтарына келушілер алдын ала телеграмм-ботпен кезегін брондауы тиіс. Жалпы білім беретін мектептерде 1-ден 5-сыныпқа, ал халықаралық мектептерде 7-сыныпқа дейін және мектепалды даярлық топтарында бала санын 25 оқушыдан асырмай аралас форматта оқуына рұқсат берілді. Ал мектеп бітіретін жоғарғы сыныптар 70% штаттық режимде, 30% қашықтықтан оқу аралас форматына көшеді.