Биыл елордада бір миллионнан астам жасыл желек егіледі

Көгалдандыру жұмыстары шаһардың барлық ауданын қамтиды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Саябақтардан бөлек аулалар мен елді мекендерде көшеттер егіледі. Бұл туралы қала әкімі Алтай Көлгінов айтты. Бүгін бас қалада мыңға жуық ағаш егілді.

«Жасыл ел» жасағының бүгінгі таңы Президенттік саябақта басталды. Еңбек маусымының алғашқы күнінде жастар 300-ге жуық тал егіп, бас қаланы абаттандыруға белсенді кірісті.

Әдемі Баялиева, Политехникалық колледж студенті:

- Бүгін осы жасыл елге келіп, ағаш суарып көмектесіп келдік. Осы жасыл елге жазда да келіп, айлық алып, жұмыс істей алады. Бір жағынан күшті, қызықты.

Былтыр «Жасыл ел» жасағына бөлінетін квота санын 1200-ге дейін көбейткен. Жастардың жалақысын 35 мыңнан 65 мың теңгеге дейін өсіру жоспарланған.

Қайрат Қамбаров, қалалық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы:

- Біз үш санатқа бөлдік жастарына қарай. 14 пен 17 жастағы балалар. Олар мектеп территорияларын көгалдандыратын болады. Екінші санат 17 мен 22 жастағы колледж студенттері және ЖОО студенттері. Үшінші санат 18 бен 29 жас аралығындағы жұмыссыз жастар. Олар құрылыс компанияларында мамандардың көмекшілері ретінде жалақы алады. Солардан жалақы ала және бізден де үстемақы алатын болады.

Бүгінгі сенбілікке отбасылық аула клубтарының мүшелері де қатысты. Ата-аналар ағаш егуге кішкентай балаларын ала келген. «Бүлдіршіндерді қазірден бастап еңбекке баулып, табиғатты қорғауға үйрету өте маңызды», - дейді олар.

Ляззат Алшынова, «Замандас» қоғамдық қорының басшысы:

- Балаларымыз да қуана-қуана келіп, бізбен бірге үлкендермен бірге жұмыстарын атқарып, ағаштарын отырғызды. Ертең өскесін келіп, көреді ғой өздері.

Биыл елордада бір миллионға жуық жасыл желек егіледі. Қала әкімінің айтуынша, шаһардың көрікті жерлеріне жасыл аралдар салынып, дәрігерлер мен құтқарушылардың құрметіне скверлер ашылады.