Ақтөбе халықаралық әуежайына Ә.Молдағұлованың мемориалдық бюсті орнатылды

Ел қорғаған батырдың ерлігі өшпейді. Отан қорғаушылар мен Ұлы Жеңіс күнін мерекелеу аясында Ақтөбе халықаралық әуежайына Әлия Молдағұлованың мемориалдық бюсті орнатылды.

Мүсіннің ашылу салтанатына ерен ерлік иесінің туысқандары да қатысты.

Халықаралық әуежайда Әлия Молдағұлова бюстінің орнатылуы батырдың бүгінгі ұрпағы үшін зор қуаныш болды. Әсіресе, өрімдей жас шағында Ұлы Отан соғысына аттанып, елін қорғаған тұлғаның батылдығы мен қайсарлығын насихаттаушылар бұл шешімге дән риза. Бюст бұған дейін батырдың бірнеше ескерткішін жасауға атсалысқан мүсіншілердің қолынан шыққан.

Сапар Молдағұлов, Ә.Молдағұлованың туысы:

– Бүгінгі күнді мейрам деуге болады. Дұрыс шешім. Әлия апайды танымайтын адам жоқ. Оқуда да озат болды. Үлкен мақтаныш біз үшін.

Бүгінде екі халықаралық және төрт бірдей ішкі рейстерді қабылдайтын әуежай Әлия Молдағұлованың есімімен аталады. Сәуірдің 28-нде Үкіметтің қаулысы шыққан. Ал сұрапыл соғыста ерлігімен есте қалған мерген қыздың даңқы көп елге таныс. Ұлы Жеңіс күні қарсаңында туған өңірінде оның есімін ұлықтауға арналған бірқатар шара өтіп жатыр.

Ғалымжан Байдербес, «Қос шынар» қоғамдық қорының төрағасы, әлиятанушы:

– Ресей болсын, Қазақстан болсын, Әлиямен мақтанады. Әлия Ұлы Отан соғысы кезінде отанға, елге деген сүйіспеншіліктің үлкен өлшемін көрсетті. 19 жасқа келмей шейіт болып кетті. Бірақ қазақ халқының рухы болып қалды тарихта.

Енді Ақтөбеге ұшып келген меймандарға да Кеңес Одағының батыры туралы насихатталатын болады. Қалада бүгінгі күні оның құрметіне қойылған екі ескерткіш бар.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев

Сондай-ақ...