Атырау облысындағы Қоңыраулы, Кенбай ауылдарына ғаламтор желісі тартылмаған

Ауылдың жайын кім ойлайды?! Атырау облысындағы Қоңыраулы, Кенбай ауылдарында газ жоқ, ғаламтор желісі де тартылмаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жарықтың өзі күн аралатып жұртты әбігерге салып қояды. Ең қиыны, балалардың оқуы болып тұр.

Айсара Әбезбаев осыдан 16 жыл бұрын Кенбай ауылына келін болып түскен. Содан бері қи тасып, от жағудың азабын көріп келеді. Қыстыгүні жағдай тіпті қиындайды. Ауылда интернет те жоқ. Онлайн оқи алмаған 4 баланың болашағына алаңдайды.

Айсара Әбезбаева, Кенбай ауылының тұрғыны:

- Балаларымызға білім керек. Біз онлайн оқимыз дейді, ешқандай сабаққа қатысып жатқан жоқпыз. Себебі бізде интернет жоқ. Мектепте Wi-Fi бар, код қойып тастаған жекеменшігі сияқты. Балалар келсе, шифрланған деп шығады. Барлық елге баратындай, балаларымыз еркін оқитындай интернет қондырылсын.

20-дан астам түтіні бар Кенбай ауылының тұрғындарына көгілдір отын арман болды. Амал жоқ, қыстай қаладан көмір тасиды. Жыл сайын бағасы құбылатын көмірді сатып алуға бәрінің бірдей қалтасы көтермейді.

Оңғар Қойшыбай, Кенбай ауылының тұрғыны:

- Бір тоннасы 25-30 мың көлігімен әкелуі. Содан 5-6 тонна көмір алып жағатын едік. Оған да қазір мүмкіндік жоқ. Себебі, Атырауға барсаң, Атыраудың көмірі бітіп кетеді. Бізге әкелу үшін тағы қымбат ақша сұрайды. Қи деген қойдың қиы ғой жағып жатқан. Мынау қатты салқын болатын жер. Қимен үй жылынбайды.

Өркениеттен тыс қалған ауылдардың бірі – 20-ға жуық үй бар Қоңыраулыда. Мұнда да газ жоқ. Электр жарығы әлсіз. Ғаламтор желісі тартылмаған. Қызылқоға аудынында осындай 6 елді мекен бар. Жауаптылардың сөзінше, бірнеше жылдан бері шешімін таппаған мәселе келесі жылы реттелмек.

Айдулат Кенжебеков, Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары:

- 6 елді мекенге ЖСҚ жасақталып, биыл республикалық бюджеттен қаражат бөлінді. Тапсырыс беруші энергетика және ТКШ басқармасы арқылы конкурс жұмыстары ұйымдастырылатын болады. Биыл бұл құрылыс жұмыстары басталып, 2022 жылы аяқталу жоспарланған. Нәтижесінде, Қызылқоға ауданы газбен 100% қамтамасыз етілетін болады.

Жергілік билік өкілдері электр жарығы мен ғаламтор желісінің жоқтығынан туындаған проблема келесі жылы шешіледі деп отыр. Қолайлы жағдай болмағаннан кейін тұрғындардың қоныс аударуы да жиілеген. Бар тіршілігі ауылға байланған адамдар мәселенің оң шешім табуын асыға күтеді.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин