Елімізде киіктердің төлдеу кезеңі басталды

Қазақстан аумағындағы киік мекендейтін өңірлерде (10 облыс) мамыр айының соңына дейін жалғасатын киік төлдеу кезеңі басталды.

Осыған байланысты мамыр айының басынан бастап төлдеу үшін қауіпсіз жағдай жасау мақсатында киіктер жиналатын және қоныс аударатын жерлерде күшейтілген рейдтер жүргізілуде.

Бұған дейін хабарланғандай, бұйрық негізінде табиғатты қорғау құрылымдарының қатысуымен (ҚР ІІМ, ҚР ҰҚК, ҚР ЭГТРМ) кең ауқымды «Киік» табиғатты қорғау акциясы өткізілуде. Акция аясында киіктер мекендейтін (шоғырланған) және төлдейтін учаскелерде блокбекеттер қою арқылы қорғау шаралары күшейтілді. Акцияға экология министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Охотзоопром «ӨБ» РМҚК 200-ден астам инспекторы жұмылдырылды.

Айта кету керек, киіктердің дүниежүзілік популяциясының 90% астамы Қазақстанға тиесілі. Мұнда киіктердің Бетпақдала, Орал және Үстірт секілді 3 популяциясы мекендейді. Айдың басынан бастап қолайлы ауа райына байланысты киіктің төлдеуі тұрақты күйде өтеді, алаңдаушылық факторлары байқалмайды.

2019 жылғы есеп бойынша жануарлардың саны 334 400 басты құрады:

Бетпақдала популяциясы – 111 500 бас,

Орал популяциясы – 217 000 бас,

Үстірт популяциясы – 5 900 бас.

2020 жылы пандемияға байланысты есеп жүргізілген жоқ. Қазіргі уақытта есеп қайта жаңартылды, оның нәтижелері жылдың соңында алынады.

Естеріңізге сала кетейік, бұл жануарлардың санын арттыру және сақтау үшін министрлік ғылыми мақсатта пайдаланудан басқа, Қазақстанның барлық аумағында киіктерді, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға 2023 жылға дейін тыйым салды. Сондай-ақ осы мақсатта ҚР Қылмыстық кодексінде киіктерге браконьерлік жасағаны үшін 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға және мүлкін тәркілеуге дейінгі жазалау шаралары қатаңдатылды.

Ақпарат көзі: ҚР ЭГТРМ баспасөз қызметі

 

Сондай-ақ...