Риддерде өрттен зардап шеккендердің құжаттары қалыпқа келтіріліп жатыр

Риддер қаласында өрттен зардап шеккен тұрғындардың құжаттарын қалпына келтіру жұмысы қарқынды жүргізіліп жатыр.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының облыстағы филиалы Риддерге бірден мобильді топ жіберген. Мамандар тұрғындарға қажетті электрондық анықтамаларды алуға көмектеседі. Жылжымайтын мүлікті немесе жеке басын куәландыратын барлық құжат тегін рәсімделеді. Қазір 20 адамның жеке бас куәлігі, 2 автокөліктің техникалық паспорты және басқа да құжаттар қалпына келтірілді. Тағы да 50-ден аса адам жаңа құжат алуға өтініш берген. Ал  үйсіз-күйсіз қалған отбасыларға баспана салына бастады. Шағын шаһардың жаңа ауданында бір қабатты 31 тұрғын үй бой көтереді.

Азамат Есемболов, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы облыстық филиалының басшысы:

- Бірінші күні біз дәл сол жерде жұмыс істедік. Комиссиямен бірге жүріп көшеде, ІІМ, ТЖМ, бәріміз болдық. Қазір енді телефон арқылы сол кісілердің телефонын алып, біз өз телефонымызды беріп, жұмыс істеп жатырмыз. Жұмыс жалғасуда, бірақ көбінің құжатын қолына бердік.