СҚО-ның Айыртау ауданына көшіп барған жұрттың баспанасын жаңа деуге келмейді

Еліміздің оңтүстік өңірінен солтүстікке көшіп барған отбасылар мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлердің сапасына шағымданып отыр. Күнгейден келген жұрт жаңа баспананың қыста суық екенін айтады. Оның үстіне ешқандай жағдай жасалмаған.

Түркістан облысының Сарыағаш ауданынан көшіп келген көп балалы ана Жазира Рақышева солтүстіктің бізді сапасыз үйлермен қарсы алуы «жығылған үстіне жұдырық болды» дейді. Айтуынша, қыста алты баласымен азынаған үй пана болмай кетеді. Жылыну үшін амалсыздан ас үйден шықпауға тырысады.

Жазира Рақышева, Саумалкөл ауылының тұрғыны:

- Үй қыста қатты суық. Балаларымызбен мына бір бөлмеде отырамыз барлығымыз. Бір тамға кіріп кетеміз. Бір тамға жатамыз бәріміз. Солай.

– От жақса да жылымай ма?

– От жақса жылиды ғой. Бәрібір суып кетеді қайтіп.

Саумалкөлдің ең шетінен салынған бұл жаңа шағын ауданда қазір 36 отбасы тұрып жатыр. Барлығының дерлік үйлердің сапасына көңілі толмайды. Тұрғындардың сөзінше, баспаналардың талапқа сай еместігін құрылыстан мүлдем хабары жоқ адамның өзі де бірден байқайды.

Асқар Шотбаев, Саумалкөл ауылының тұрғыны:

- Мына потолокты алатын болсақ, балканың үстіне тақтайды астынан қаққан. Потолоктың үстінде жүріп басатын болсаң, ол опырылып үйдің ішіне түсесің. Төбеден су сорғалайды күн жылығаннан кейін. Тамшылап кәдімгідей. 

Тұрғындар ауыз судан да таршылық көріп отыр. Тіршілік нәрін олар тасып ішуге мәжбүр. Тіпті бұл маңайдың күл-қоқысы да тазаланбайды. Қоғамдық көлік қатынасы болса мүлдем маңайлаған емес дейді тұрғындар.

Дамир Берікұлы, тілші:

- Ал мұнда жол деген атымен жоқ. Сондықтан қыста бұл жерді қар басады. Күз бен көктемде халық саз балшықтан зардап шегеді. Ал көшелерде жарық бағаналары болғанымен түнде бұл жер тас қараңғы.

Жергілікті билік өкілдері «үйлер қыста салынды, сол себепті сапасы сыр бере бастады» дейді. Кеткен кемшіліктердің барлығын мердігерлер 1 ай ішінде қалыпқа келтіретінін айтады. Ал су мен жол секілді инфрақұрылым алдағы уақытта тартылады деп сендірді.

Рифхат Әшімов, Айыртау ауданы әкімінің орынбасары:

- Су тартылмаған 21 үй қалды. Ол үшін 7 млн теңге қаражат керек. Бюджеттен ақша бөлінсе, су құбыры жүргізіледі. Ал жолға келер болсақ, биыл тек қиыршық тас төселеді. Желілердің бәрі тартылып, жол жабындысы әбден тапталған соң барып асфальт төселеді. Себебі бұл батпақты жер.

Осылайша әкімдіктегілер тұрғындарға енді күтуден басқа амал жоқ дегенге келтірді. Айта кетейік, жалпы бүгінге дейін солтүстікке 200-ге жуық отбасы көшіп келген. Ал биыл квота бойынша 700-ден астам отбасы қоныс аударады деген жоспар бар. Бұл шамамен 2 жарым мың адам. 

Авторлар: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный