Түркістан мен Самарқанды байланыстыратын автомагистраль салынуы мүмкін

Болашақта Түркістан мен Самарқан арасын байланыстыратын автомагистраль салынуы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сол арқылы Ұлы Жібек жолының бойындағы мәдени мұраларды қайта жаңғырту көзделіп отыр. Түркістан төрінде өткен халықаралық туристік форум барысында осы және өзге де жобалар қызу тарқыланды.

Түркістанның жаңа келбеті өңірге келетін туристердің қызығушылығын арттырып отыр. Жыл басынан бері мұнда 200 мыңнан астам мейман келіп кеткен. Саяхатшылар ағыны әлі де толастар емес. Бүгін Түркістанда халықаралық туристік форум өтіп жатыр. Оған әлемнің түкпір-түкпіріне саяхат ұйымдастырумен айналысатын операторлар мен бірнеше елдің мәдениет министрліктері және консулдықтары қатысуда. Жиын барысында туризм саласын дамыту мәселелері қызу талқыланды.     

Ғабидолла Әбдірахымов, ҚР мәдениет және спорт министрінің орынбасары:

– Барлық қатысушылар бір-бірімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алып отыр. Ол өз кезегінде туроператорлардың жұмысын жандандырып, туризм саласын дамытуға оң ықпал етеді.

Форумның басты тақырыбы – Ұлы Жібек жолын қайта жандандыру. Соған сәйкес, Қазақстан мен Өзбекстан республикасы бірнеше ірі жобаны бірлесіп жүзеге асырмақшы. Ал бірыңғай виза енгізу мәселесі туристердің көршілес жатқан екі елдің аумағын еш кедергісіз аралауын мүмкіндік береді.   

Азиз Абдухакимов, Өзбекстан премьер-министрінің орынбасары, туризм және спорт министрі:

– Болашақта сәулет және мәдениет ескерткіштерін екі ел бірлесе отырып зерттесе өте жақсы болар еді. Ол үшін қаржы бөлуге дайынбыз. Өз ісін жақсы білетін, халықаралық деңгейде мойындалған сарапшылар мен жергілікті мамандарды да осы ортақ іске жұмылдыруымыз қажет.

Туристерді көптеп тарту үшін, әрине айрықша құрылыс нысандары салынуы тиіс. Бұл жұмыстардың инвестор көмегінсіз атқарылмайтыны түсінікті. Биыл еліміз бойынша туризм саласында жалпы сомасы 434 миллиард теңгенің 127 жобасы жүзеге асады. 

Мейіржан Юсупов, Ұлттық инвестициялық компанияның басқарма төрағасы:

– Түркістанға облыс орталығы мәртебесі беріліп, сапалы туристік инфрақұрылым қалыптасқалы бері мұнда келетін саяхатшылар саны 161 процентке өсті. Соңғы екі жылда бұл өңірдің туризм саласын дамытуға 123 миллиард теңге инвестиция бағытталды.

Түркістан облысында 1500-ден астам тарихи-мәдени ескерткіш бар екенін де естеріңізге сала кетейік. Қазір олардың барлығы туристерді қабылдап жатыр.

Авторлар: Ардақ Айбарұлы, Рауль Габитов, Ерболат Әбішев