Аймауытов туралы айтылмаған сыр

Ақтаңдақ жылдары жазықсыз жапа шеккендердің бірі – Баянауыл ауданының тумасы Жүсіпбек Аймауытов, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол 1929 жылы «ұлтшылдық ұйыммен байланысы бар» деген сылтаумен тұтқындалып, екі жылдан кейін атылды делінген. Алайда бұл тарихи деректі 1993 жылы Қазақстанға Моңғолиядан қоныс аударған Жанайхан Сапарханұлы жоққа шығарады. Оның айтуынша, Жүсіпбек Аймауытов өткен ғасырдың ортасына дейін Моңғолияда Қарабай деген атпен өмір сүрді.

«Адам қанша өзгерсе де, оның көзқарасы өзгермейді. Мен 17 жасымда көрген Қарабай деген кісі осы». 1993 жылы Қазақстанға Моңғолиядан қоныс аударған Жанайхан Сапарханұлы Жүсіпбек Аймауытовтың суретіне қарап осылай дейді. Көздеріне қарап Қарабайды жазбай таныдым. Бірақ ол алаш ардақтысы Жүсіпбек Аймауытов болып шықты дейді. Моңғолияға Қытай түрмесінен босап шыққандармен бірге келіпті.

Жанайхан Сапарханұлы, Ақсу қаласының тұрғыны:

– Одан кейін осыны мен қудалап сұрастыра бастадым. Мынаны неге сұрап жүрсің дегенде, бұл қазақтың абзал азаматтары кезінде қаңғып талай жерге кетті. Бұл Қытайдан неге шықты дегенде, орыстың жолымен тыңшыға барды ма? Моңғолияның жолымен тыңшылыққа барды ма? Немесе қашып барып жүріп түрмеге түсіп қалды ма? Ол жағын білмеймін. Әйтеуір түрмеде жатқан жерінен алып келген кісі.

Жасы тоқсанға таяған Жанайхан атаның айтуынша, Қарабай немесе Жүсіпбек ешқашан қайыр сұрамапты. Әр үйге түнеп шығатын. Бірақ бір үйге тоқтап тұрмаған екен. Шығармашылыққа да жақын болыпты.

Жанайхан Сапарханұлы, Ақсу қаласының тұрғыны:

- Менің естуімше, атақты Құрманхан деген драматург, жазушы жалғыз адам болды. Сол кісімен жұмыстас болған екен. Құрманхан ана кісі жөнінде «Салт атты» деген әңгіме жазбақшы болған. Мынау әңгімеге келмейді, үлкен роман жазайық деп жүргенде Құрманхан өліп қалады. Одан кейін көп ұзамай бұл кісі де қайтыс болып кетеді. Мен 64-ші жылы жоғары мектепті аяқтап келгенде қайтыс болған екен.

Жүсіпбек Аймауытов болуы мүмкін деп топшылап отырған Қарабай деген кісі қайтыс болғанда өзін зираттан оқшау қоюды өтініпті. Түбінде іздеуші, сұраушым табылар деген үміт болар. Жүсіпбек Аймауытов Павлодар облысы, Баянауыл ауданының Қызылтау ауылында 1889 жылы дүниеге келген. Орысша-қазақша екі кластық мектепті, Семей оқытушылар семинариясын бітіріпті. Мұғалімдік қызметтен басталған еңбек жолы кейін білім бөлімінің бастығы, директорлық қызметке дейін көтеріледі. Газет редакторы болып та еңбек етеді.

Салтанат Әбілдина, Ж.Аймауытов Атындағы мектептің оқу ісінің меңгерушісі:

– Ол кісі бойынша бір тың дерек естігеніміз кейіннен. 1921 жылы осы Лекер қажы ауылында Аймауытовтың ұйымдастырылуымен мектеп ашылған екен. Ол мектеп 1921 -1928 жылдар аралығында жұмыс жасаған. Енді ол мектептен ұшқан түлектер, 11 түлегі Орынбор институтында оқып, қазағымыздың әдебиетіміздің дамуына үлес қосқан.

Жүсіпбек Аймауытовтың рулас туысы Киікбай Оқасовтың айтуынша, ол жай ғана мектеп емес, елді аштық жайлағанда панасыз қалған жетім-жесірге қорған болған үлкен кешен. Алаш азаматының қамқорымен ашылған «Мәдени кіндіктің» тәрбиеленушілері кейін Украинаға қоныс аударыпты. Қазақ балаларының одан кейінгі тағдыры туралы ақпарат жоқ. Жүсіпбекті ұлтқа деген жанашырлығы опық жегізген.

Киікбай Оқасов, Жүсіпбек Аймауытов ауылының тұрғыны:

– Сондай бір қатерлі заман болып, жастай қинап, Бутыркаға апарып, ақыры атып өлтірді. Туысымыз, қандаспыз бәріміз. Бір еліміз. Ана-ата қоныстарымыз да көрші. Дәндебай дейді. Ол кісі де байдың тұқымы. Ол бай болмаса Ташкентте жұмыс істей ме? Ташкентте мұғалім болып істейді.

Қарлығаш Қаситова, тілші:

– Жүсіпбек Аймауытовтың өмірі туралы қоғамда түрлі пікір қалыптасқан. Оның жерлестері яғни осы өңірдің тұрғындары Жүсіпбек Аймауытов бай, дәулетті отбасынан шыққан дейді. Ал тарихи деректерде оның әкесі етікші болған, қолындағы азын-аулақ малын сатып Жүсіпбекті оқытқан делінген. Бұл Жүсіпбек Аймауытовтың ата қонысы, яғни кіндік қаны тамған жер. Оның құрметіне мына жерге ескерткіш тас та қойылыпты. Бай дейтін себебіміз, ол кезде осындай шөбі шүйгін, шұрайлы жерде, жазық жерде қолында малы бар, дәулетті адамдар өмір сүрген екен.

Сенатор Нұртөре Жүсіп репрессия құрбандары Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфулинге қатысты да осындай әңгімелер ел ішінде бар екенін айтады. Кезінде Бауыржан Момышұлы Мағжанды Сібірде көріпті дегендер табылған. Ал қоғам қазақ зиялыларын 37-38 жылдары опат болды деген түсінікпен қабылдады.

Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Мәселен, Тұрар Рысқұловтың «Полные собрания сочинении Турар Рыскулова» деген кітап партия бар кезде, Орталық Комитеттің идеология бөлімінің меңгерушісі Устинов деген кісінің редакторлығының алғы сөзімен шыққан кітап. Тарихи құжаттарға негізделген. Сонда Устинов Тұрар Рысқұловты 1943 жылы қайтыс болды деп көрсеткен. Сол кезде бәлкім осындай үлкен тұлғаларды бірден атып тастамай, әліптің артын бағу саясаты болды ма? Мұны да біздің ғалымдарымыз тереңдеп зерттесе, талай қызықты тақырыптар шығатын шығар деп ойлаймын.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау туралы арнайы мемлекеттік комиссия құрды. Қазір мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың басшылығымен бірнеше жұмыс топтары құрылған. Олар архив құжаттарын терең зерттеуге кірісті.