«SOS» ауылы мен «Үміт» орталығының тәрбиеленушілері кинология саласымен танысты

Халықаралық балалар күнінде «SOS» ауылы мен «Үміт» дағдарыс орталығының тәрбиеленушілері кинологиялық қызметке саяхат жасады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Балалар қызметтік полицей-иттердің жаттығуларын көріп, кинологтардың жұмысымен танысты. Сондай-ақ иттердің қандай бағыт бойынша бөлінетінін де білді.

Қылмыскердің ізіне түсіп, жедел құрықтауда иісшіл иттердің тигізер септігі зор. Олар жарылғыш заттар мен қару-жарақтарды табады, есірткі тасымалдаушылардың жолын кеседі, тіпті қажет болса, шабуыл жасап, өмірін бәйгеге тігеді. Кинологтар орталығындағы төрт аяқты сақшылар өз міндетін мінсіз атқаруға қашан да сақадай сай тұрады. Қоңырау түскен бойда салпаңқұлақтар арнайы тормен жабдықталған көлікпен оқиға орнына шұғыл жеткізіледі.

Рауан Дәулетов, кинологиялық қызмет орталығы бастығының орынбасары:

– Жыл басталғалы бері 70-тен астам қылмыстың бетін ашты. Көбінесе, бұл жерде біз ұрлық, тонау бойынша жұмыс істейміз. Кинологтар тәулік бойы әр ауданға түседі. Әр болған қылмысқа біздің кинологтар шығып отырады.

Балалар әдетте иттерді үй жануары деп қана біледі. Көбі із кесуші ретінде ерекше қызметі барынан мүлде бейхабар. Немесе экраннан ғана көруі мүмкін. Бүгінгі іс-шара жеткіншектердің дүние танымын кеңейтіп, иттерді жаңа қырынан танытып, таныстыра түсті дейді ұйымдастырушылар.

Әлия Қибатқызы, есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының аға уәкілі:

– Іс шараның мақсаты – балаларға кинологиялық қызмет орталығының жұмысы және иттермен жануарларға махаббат, сыйластық мінез құлықты танытуға шақырып отырмыз.

Балалардың қызыққаны сондай, олардың бойында келешекте мен де кинолог боламын деген арман-мақсат пайда болды. Жеткіншектердің қарша боратқан сұрағына мамандар жауап берді.

Рауан Дәулетов, кинологиялық қызмет орталығы бастығының орынбасары:

– Ең бастысы орта білімі болуы керек, кейін әскерде болып келуі керек. Содан кейін баланың қызығышулығы болуы тиіс. Олсыз бұл жерде жұмыс істеу өте қиын болады. Сондықтан ең біріншіден балалардың осы қабілетін қараймыз.

Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, қылмыспен күресуде кинология қызметінің рөлі айтарлықтай. Кинологтар мен иісшіл иттердің қылмыс ашудағы үлес салмағы – соның дәлелі. Сондықтан олардың әрдайым сапта болуы ел қауіпсіздігі үшін аса маңызды.

Әнел Еділқызы, Ерзат Зайытхан

Сондай-ақ...