Бурабай мен Зеренді демалыс орындары қонақтарды арнайы тексеріспен кіргізеді

Ақмола облысында туристік нысандар «Ашық» қосымшасымен жұмыс істей бастады. Яғни Бурабай мен Зеренді және басқа да демалыс орындары енді қонақтарды арнайы тексеріспен кіргізеді.

Сала мамандарының айтуынша, бұл коронавирустың таралуын болдырмау үшін әрі баршамыздың қауіпсіздігіміз үшін жасалған шара.

Бурабайда бүгінде 50 шақты кәсіпкерлік нысаны «Ашыққа» қосылған. Олардың көбі туризм нысандары. Мәселен, мына қонақүйде бұл жоба жақында ғана іске қосылды. Бірақ соның өзінде санитарлық талаптарды сақтай отырып, келушілерді 60 процентке ғана қабылдай алады.

Дина Гамолко, қонақ үй әкімшісі:

- Паспорт вакцинации сұрамаймыз. Келген кезде кісілерді сол «Ашық» программасымен қабылдаймыз. Сол жерде бәрі шығады, бүкіл данныйлары. Сол арқылы қабылдаймыз. Келген кезде температурасын өлшейміз кісілердің. Температураларын жазамыз.

Аталған бағдарламаны енгізген кәсіпкерлерге бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. Мәселен, қоғамдық тамақтану орындары түнгі сағат 2-ге дейін жұмыс істей алады. Ал қонақүйлердің жанындағы бассейн, сауна және ойын-сауық орталықтарына демалыс күндері де халыққа қызмет көрсетуге мүмкіндік беріліп отыр. Жобаға қатыспайтын нысандар болса, санитарлық дәрігердің шектеулеріне бойұсынуға мәжбүр.

Ерқанат Мұсылманбек, Бурабай аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры:

- Егер келушілерде аталған қосымша болмаса, кәсіпкерлік нысаны оның ЖСН номерін өзіндегі бағдарламаға енгізіп, мейманның статусын анықтай алады. Ал бұл қауіпсіздік үшін өте маңызды. Мәселен, кімде «қызыл» статус болса, ол ғимаратқа кіре алмайды. Себебі ол коронавирусқа шалдыққан және сөйте тұра карантин ережесін бұзған адам. 

Жалпы облыс бойынша 300-ден астам көпшілік нысаны қазір «Ашық» бағдарламасымен жұмыс істеп жатыр. Ал оларға кіріп шығу үшін екпе паспорты қажет емес. Тек жақын арада қауіпті вируспен ауырмасаңыз болғаны. 

Авторлар: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный