Жетісайлық зейнеткер бағбанның бағы

Түркістан облысында 80 жастағы зейнеткер бау-бақша өсіру технологиясын меңгеріп, түрлі жеміс ағаштарынан өнім алып отыр.

4 жыл бұрын бақшасына алғашқы ағашты еккен екен Әзімжан Әлиевтің жеміс бағы қазір мәуелеп, төгіліп тұр.

Әзімжан Әлиев – Жетісай ауданындағы танымал бағбанның бірі. Жұбайы Әлима екеуі таңнан кешке дейін жеміс ағаштарын күтіп-баптайды. Топырағын өңдеп, арамшөбін жұлып, көшеттерін суарады. Қазір 600-ден астам жеміс ағашы бақтың көркін келтіріп тұр.

Әзімжан Әлиев, Қарой ауылының тұрғыны:

– 2 тоннадай алма алдым Оны көршілер, ауылдағы туыстарға таратамыз. Алматы, Шымкент, Астанаға немере-шөберелерге автобуспен салып жібереміз. Былтыр қыздар мен келіндер келіп шабдалы теріп, повидла, варенье жасады. Сөйтіп жүрміз әйтеуір. Құдайға шүкір дейміз.

Бағбан бұрын Самарқанд ауруханасында хирург болып жұмыс істеген. Кейін Жетісай медициналық колледжінде сабақ берді. Ал зейнетке шыққаннан кейін қол қусырып отыр алмай, алдымен қарбыз егуді қолға алыпты. Енді міне, бақшасы жайқалып тұр, бәрі бар.

Әзімжан Әлиев, Қарой ауылының тұрғыны:

– Жасы келгенде тыншымаған шал деп маған бәрі күледі. Қайта осы қимылымнан кейін аяғымның, белімнің ауырғаны қойды. Бір-екі-ақ күн жаттым зейнетке шыққаннан кейін. Ерте тұрасың, кетпен шабасың, таза ауа. Мына өсімдіктің өзі өзінен оттегі шығарады. Кешке келсеңіз осы жерге ауасы тап-таза болып тұрады.

Бау-бақша жұмыстары оңай емес, әрине. Десе де зейнеткер бағбандар бақшаны күтіп-баптау жұмыстарын ғаламтор арқылы үйреніпті.

Әлима Әлиева, Ә.Әлиевтің жұбайы:

– Шалдың арқасында, әйтеуір, осы бала-шаға деп жүрміз ғой өсіп-өніп. Тамағы бар, шайы бар, қолымыздан келгенше жәрдем береміз. Кейде отырып, соларды тамашалаймыз.

Нұрлыбек Бақтияров, Жаңа ауыл ауылдық округінің әкімі:

– Атамыз 2га жерге бау-бақша егіп, өзінің өнімін алып бастады. Біздің Жаңа ауыл ауылдық округіне қарасты 7284 га егістік алқап бар. Оның ішіндегі 4800 гектары мақталық. Биыл 4800 гектарға мақта, 1800 гектарға бақша дақылдары егілді.

Әзімжан Әлиев енді бақша алаңын ұлғайтып, жылына 40 тоннаға дейін жеміс жинауды қолға алмақ. Сонымен қатар, жақын маңдағы ауылдар мен қалаларға өнімдерін өткізуді жоспарлап отыр.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Рауль Габитов, Ерболат Әбішев