Ауыл шаруашылығын қолдау шаралары нәтижесіз – сенаторлар

Ауыл шаруашылығы саласын мемлекеттік қолдау құралдары нәтижесіз.

Бұл туралы Үкімет Сағатында сенатор Нұрлан Әбдіров мәлімдеді. Оның айтуынша, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасында белгіленген индикаторларға қол жеткізу көрсеткіштері төмен. Оған тиісті іс шаралардың толық қаржыландырылмауы, бюджеттік өтінімдердің уақытылы өңделмеуі және пандемияға байланысты шекаралардың жабылуы себеп. Сондай-ақ ол ауыл шаруашылығы саласында біраз жүйелік мәселелер әлі де шешілмей келе жатқанын айтып өтті.

«Соңғы он жылдықтарда агроөнеркәсіптік кешенді дамыту үшін бірнеше салалық бағдарлама әзірленді, қаржыландыру тәсілдері де өзгерді бірақ нәтиже болған жоқ. Бұған себеп – мемлекеттік қолдау құралдарының нәтижесіздігі, агроғылым мен агрокәсіп арасындағы алшақтықтық», - деді сенатор. Жалпы елімізде жасалатын ауылшаруашылық өнімдер ішкі нарықты тек 60%-ке қамтамасыз етеді. Қалған сұраныс импорт есебінен жабылады. Негізінен ірімшік, сүзбе, сары май, ет және қант сырттан келеді. Үкімет сағатында Ұлттық экономика вице-министрі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспарын баяндады. Оған сәйкес инвестициялық жобалар есебінен 6 өнім бойынша импорттық тәуелділікті жою көзделеді.