Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне қарасты Ахуалдық орталық ашылды

Орталық мақсаты биржалық сауда-саттықты онлайн режимде қадағалау, монополияға қарсы талаптардың сақталуын бақылау және бағаға мониторинг жүргізу.

Орталықтың ашылу рәсімінде еліміздің ірі тауар биржаларының басшылары бірнеше айдың нәтижесін жария етті. Саудаланған тауарлар - жанармай, битум және коммуналдық-тұрмыстық көмір. Олар биылдан бастап биржалық платформалар арқылы сатыла бастады.

Ерік Танаев, «Каспий» тауарлық биржасы» АҚ президенті:

- Мамыр айында біз коммуналдық-тұрмыстық көмірді саудалауды бастадық. Биржа комитеті белгілеген ережелер сақталды. Сауданың алғашқы 5 күнінде 9100 тонна көмір сатылды. Баға 5682 теңге болды. Бұл нарықтағы орташа баға. Яғни қымбаттау байқалмады. Ал 14 маусымда тамызға жоспарланған сауданы бастадық. Үш күннің ішінде 10500 тонна сатылды. Қалған 7 мың тонна да бүгін-ертең саудалануы тиіс.

Қаражыра кен орнында өндірілген көмір саудасына 8 өңірдің сатып алушысы қатысты. Саудаланған тауардың бағасы 51 миллион теңгеден асады. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі өкілдерінің айтуынша, көмірді биржа арқылы сату ортадағы алыпсатардың санын қысқартуға мүмкіндік беретін көрінеді.      

Серік Жұманғарин, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы:

- Ол деген екі мүмкіндік береді қазақстандық бизнесмендерге. Біріншіден, ашық, нақты белгіленген биржалық баға. Ал нарық ашық экономикаға өте маңызды. Екіншіден, биржалық тауарлар бизнеске, әсіресе ШОБ қолжетімді болады. 

Биржалық сауда тетігі аймақтағы операторларға отынның бұл түрін өндірушіден тікелей сатып алуға жағдай жасайды. Осылайша көмір бағасы төмендеп, халыққа қолжетімді болады дейді агенттік төрағасы.