Бурабай мен елорданың арасы ну орманға айналады

Елімізде соңғы тоғыз жылда Нұр-Сұлтан-Щучинск тас жолының бойына 6 млн 300 мың дана ағаш отырғызылыпты.

Осылайша 160 шақырым жер жасыл желекке айналған. «Бұл жұмыстар одан әрі жалғаса бермек. Себебі алда Елбасының тапсырмасы бойынша аталған орман алқаптарын елорданың жасыл белдеуімен қосу міндеті тұр», – дейді мамандар.

Бұл алқапты бірінші көрген адам сәбіз егілген жер екен деп ойлауы мүмкін. Бірақ ол сәбіз емес, тұқымнан өніп шыққан қарағай ағашының егістігі. Өткен күзде себілген дәннен, міне, енді ғана қылтиып өсімдік шығып келеді. Бұйыртса, екі жылдан кейін олар өзге жерге көшіруге болатын, биіктігі 25-30 сантиметрлік көшетке айналады.

Вера Макасеева, Ақкөл тұқым бағының инженері:

– Екі жыл бойы біз оларды күтіп-баптаймыз. Суарамыз, арам шөптерінн тазартамыз. Қажет болған жағдайда, химиялық өңдеуден өткіземіз. Тыңайтқыштар береміз. Сөйтіп екі жылдан кейін оларды орман шаруашылықтарына жібереміз. Мәселен, мына жерден 1,5 млн дана көшет алуды жоспарлап отырмыз.

Ал күре жолдың бойына көшірілген көшеттер тағы 5 жыл күтімді қажет етеді. Алғашқы жылдары, тіпті, олардың маңына техника жақындатуға болмайды. Сондықтан шөптеу және түптеу жұмыстарының барлығы басында тек қолмен жасалады екен. Ағаш әбден еңсе тіктеп алған соң ондай істер трактормен жүргізіледі.

Қанат Сұлтанов, Ұрымқай орман шаруашылығының директоры:

– Қиын кезеңі бас кезінде отырғызғаннан кейінгі баптаулары ғой. Сол кезде жақсылап күтіп жіберсе, орман жақсы өседі. Енді оның нәтижесін көріп отырсыздар ғой. Міне, қазір 2012 жылы отырғызған ағашты біз орманға ауыстырдық.

Жол бойындағы осындай орман алқаптарының игілігін қазір маңайдағы ауыл тұрғындары да көріп отыр. Олар үшін бұл, ең алдымен, экологиялық жағынан пайдалы болса, одан кейін табыс көзі мен жұмыс орны. 

Жәнібек тәшкенов, Ұрымқай ауылының тұрғыны:

– Қарақаты бар, таңқурайы бар. Шелегі 2 жарым мың, 3 мыңға дейін барады. Отбасын асырап отыр. Тегін алады. Мынау тұрған трассада сатады.

Орынбай Ережепов, Елтай ауылының тұрғыны:

– Бұны енді ары қарай жалғастырып, дамыта беру керек. Лесхоздарға көңіл бөліп, Үкімет тарапынан көмек жасап жіберсе. Әрі қарай дамытып, өсіру керек. Алаңқайлар көп. Текке жатқаннан осындай ағаш болған оңды ғой. Ертең өзіміздің ұрпақтарымызға.

Орман алқаптарын одан әрі көбейту үшін алдағы жылдары Зеренді және Атбасар аудандарында екі бірдей тұқымбағы салынбақ. Олар жыл сайын миллиондаған көшет береді.

Келешекте Нұр-Сұлтан-Щучинск тас жолының екі жағы бірдей жасыл желекпен көмкеріледі. Яғни мынадай бір де бір бос жер болмайды. Ол үшін қазір осындай ашық жатқан жерлердің топырағы зерттеліп жатыр. Ал ол жерлерді игеру үшін алғашқы көшеттер осы күзде отырғызыла бастайды.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный