Қостанайда талма ауруына шалдыққан балалардың жағдайы мүшкіл

Бүлдіршіндердің емі үшін дәрі-дәрмек тапшы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Диагностикадан өтетін заманауи жабдық жоқ. Жекенің дәріханасында сатылатын препараттардың бағасы қымбат. МРТ мен компьютерлік томография кабинеттерінің қызметі қолжетімсіз. Шарасы таусылған ата-аналар қажетті препараттарды елімізде тіркетуді талап етіп отыр.

Данияр Сұлтанұлы, тілші:

- Мәншүк Сейфуллинаның баласына эпилепсия диагнозы 4 жыл бұрын қойылған. Содан бері 9 жасар Дидардың талмасы ұстап, қиналып қалады. Биыл МРТ тексерістен өтуі керек еді. Алайда, облыста бұл мүмкін болмай тұр. Қостанайда заманауи қондырғы жоқ. Сол себепті елордаға барудан басқа амалы қалмайтын сыңайлы. Ал ай сайынғы 95 мың теңге жәрдемақы еміне жетпейді.

Мәншүк Сейфуллина, қала тұрғыны:

- Мен пәтер жалдап тұрамын. Ол жетпейді маған. МРТ істедік. 200 мың теңге төледік. Бала ауырғанда мен жұмыс істемеймін. Үйде отырамын балалармен.

Облыстық балалар ауруханасы сапалы қондырғыға бұрыннан зәру. Бұдан жергілікті билік те хабардар. «Алайда ешбір амал жасаған жоқ», - дейді ата-аналар. Енді шарасы таусылғандар арнайы бастамашыл топ құрмақшы.

Сергей Зинченко, бастамашыл топтың мүшесі:

- Жеке ауруханаларда МРТ, компьютерлік томографиядан өтуге болар еді. Бірақ бала диагностикалық тексерістен байсалдылықпен, ұйқы режимінде өтуі үшін анестезия жасайтын дәрігер қажет. Ал мұндай процедура тек облыстық балалар ауруханасында жасалады.

Денсаулық сақтау басқармасындағылар бұл бағыттағы жұмыстар кезеңмен жүзеге асады деп уәде беріп отыр. Балалар ауруханасы күрделі жөндеуден өткеннен кейін қондырғылар қойылмақ. Ал дертке ем болатын дәрілік препараттардің тапшылығы қаржы мәселесіне тіреліп отыр.

Рүстем Айтбаев, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

- Басым көпшілігі аналардың қабылдап отырған дәрілері жергілікті. Тізімге кіріп тұрған дәрілер. Егер аналар шетелге шығып, сырттан кеңес алғысы келетін болса, ең бастысы, біздің айтатынымыз бұл дәрілер мемлекеттік тізімге кіру керек. Сонда ғана жергілікті органдардың ол дәрілерді заңды түрде алуға құқысы бар. Сомасын қазір айта алмаймыз. Өйткені әр дәрі-дәрмектің өз бағасы бар. Ең бастысы мемлекеттік тізімге кірердің алдында оның бағалары белгіленеді. Сатып алу тәсілдері де белгіленеді. Сол тұрғысынан бізге жеңілдік болады.

Кадр мәселесі де таяу арада шешімін табады. Қазір аймақта бірде-бір эпилептолог дәрігері жоқ. Жан-жақты қаралу үшін көбісі басқа облыстарға сабылуға мәжбүр.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров