Алматы үнді штамына байланысты «қызыл аймаққа» өтуі мүмкін

«Үндістандық» Дельта штамының кесірінен Алматы қаласы «Қызыл аймаққа» өтуі мүмкін. Бұл туралы бүгін шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев онлайн брифингте айтты.

Әкімнің мәлімдеуінше, қаладағы эпидемиологиялық жағдай маусымның басына қарағанда күрделене түскен. Тәуліктік көрсеткіш 100 науқастан 181-ге дейін жетті. Осыған байланысты қаладағы 3 көпсалалы аурухана қайтадан коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастарды қабылдау үшін дайындалған. Сағынтаев қаланың жабылмайтынын айтты. Алайда эпидемиологиялық жағдайға байланысты шектеу шараларының болатынын ескертті. Толыққанды қаулы қалалық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментімен дайындалып жатыр.

Бақытжан Сағынтаев, Алматы қаласының әкімі:

– Бір апта бойы бақылайтын боламыз. Қазір «сары аймақта» тұрмыз. Егер осылай жалғаса беретін болса, онда жақын күндері «қызыл аймаққа» өту қаупіміз бар. Үндістандық Дельта штамы соған алып келе жатыр. Бұл ауруды тоқтатудың бірден-бір жолы – тек бізде емес, бүкіл дүниежүзі бойынша айтылып жатқан вакцинаны салдыру.