Талдықорғанда 200 пәтердің кілті үй кезегінде тұрғандарға табыс етілді

Астана күніне орай Алматы облысында бірнеше әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Жамбыл және Іле аудандарында дәрігерлік амбулатория мен мектеп, ал Текелі қаласында қонақүй кешені ашылды.

Ал Еңбекшіқазақ пен Іле ауданында, Қапшағай және Талдықорғанда 200 пәтердің кілті үй кезегінде тұрғандарға салтанатты жағдайда табыс етілді.

Елдос Баялышбаев тағдырдың тауқыметі мен қиындығына мойымаған қайсар жігіт. Мүгедектерге арналған оңалту орталығын ашқан ол, мемлекеттік бағдарламамен үш бөлмелі пәтердің иесі атанды. 

Елдос Баялышбаев, қала тұрғыны:

- Өте тиімді бағдарлама. Өйткені нарықпен санассақ бір квадрат метрге 250-300 бір квадрат метрі тұрады. «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша бір квадрат метрін 160 мыңға алдық. Сонда бізге 80-100 мың әр квадарттан эконом болады. 

«Көктем» ықшам ауданындағы 55 пәтерлі үй «Нұрлы жер» бағдарламасымен салынды. Жаңа үйге қоныстанғандардың арасында мүмкіндігі шектеулі және аз қамтылған отбасылар мен өзге де әлеуметтік санатқа жататын қала тұрғындары бар. Олардың пәтер кезегіне тіркелгеніне бірнеше жыл болған. 

Райгүл Бекова, қала тұрғыны: 

- 12 жыл осы очередьте тұрдық. Балаларымның жұмыстары бойынша Алматыда тұрдық. Мен солардың қолына бардым. Шаңырағым жоқ болған соң балаларымның қасында тұрдым. Енді осында келіп тұрамыз бұйырса.

Айсұлу Әбішева, қала тұрғыны:

- Астана күні қарсаңында пәтерге ие болып жатырмын. Бұл күнді өте ұзақ күттік. Ең бастысы, қарапайым халыққа қолжетімді бағдарлама арқылы берілген үй. Барлығына жұғысты болсын.

Биыл Талдықорғанда 120 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілмек. Яғни жыл соңына дейін 1500-ге жуық отбасы жаңа баспанаға ие болып қоныс тойын тойлайды.      

Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев