Кинотеатрлар құрдымға кете ме?

Елімізде карантин шектеулері қайта күшіне еніп, кинотеатрлар жабылып жатыр.

Шығынға батқан кәсіпкерлер кино бизнесі құрдымға кетті деп шағымдануда. Билік жұмыс істеуге рұқсат бермесе банкрот жариялайтындар саны еселенуі мүмкін. Қазір ел бойынша 100 шақты кинотеатр бар.

Індет барлық салаға кесірін тигізбей қоймады. Әсіресе шағын бизнестің тартқан зардабы көп. Қазір кинотетрлардың жағдайы мүшкіл боп тұр. Егер жыл соңына дейін жұмыс істеуге рұқсат берілмесе бұл бизнес банкрот боп мүлде жойылуы мүмкін. Кинотеатр иелері қазірдің өзінде банкке берешектерін өтей алмай өлместің күйін кешіп отырмыз дейді.

Баян Махметова, кинотеатр қызметкері:

– Бізге жұмыс істеуге рұқсат берген кезде табыс таба алдық. Карантиннің кесірінен 11 ай бойы үйде отырдық. Ашық бағдарламасын орнатыңдар деп айтты. Біз орнаттық. Жұмыскерлердің барлығы вакцина алды. Санитарлық талаптар сақталады. Маска киеміз.

Пандемия салдарынан елімізде 100 шақты кинотеатр ғана қалған. Олардың өзі кірістің 60 процентке төмендегенін айтады. Қызметкерлері жылға жуық уақыт жұмыссыз сенделіп жүр. Бұлай жалғаса берсе екі қолға бір күрек таппағандар саны көбеюі мүмкін.

Бауыржан Шөкенов, киноорталықтың басқарма төрағасының орынбасары:

– Біз пандемияға дейін жарты жылда болған соманың жартысын да жинай алмадық. Онда біз 27 миллиард жинаған едік, ал қазір кинотеатрларда билеттер сатылымы бойынша тіпті 6 миллиардқа жеткен жоқпыз. Егер кинотеатрларды жабуға шектеулер жалғасатын болса, жыл соңына дейін біз бұл саланы мүлдем жоғалтуымыз мүмкін, жағдай өте қиын.

Күні кеше ведомствоаралық жиын өтіп, біраз мәселе талқыланды. Енді кинотеатрлар жұмыс күндері сағат 5-ке дейін көрермен қабылдай алады. Ал сенбі жексенбі күндері жұмыс істемейді. Бұл балалар мен жасөспірімдердің арасында коронавирустың таралуы көбейгендіктен жасалаған шара деп түсіндірді жауаптылар.

Авторы: Гүлзия Нақыпқызы