«Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына өтініш қабылдау басталды

Елімізде «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына өтініш қабылдау басталды.

20-шы қыркүйекке дейін 14 пен 29 жас аралығындағы дарынды өрендер ғылым, медиа, бизнес, мәдениет және айти технология бойынша жобаларын ұсынады. Үздіктер екі кезеңде іріктеледі. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай 30 жобаға 3 млн теңгеден грант беруді Мемлекет басшысы ұсынған. Мұндағы мақсаты – қабілетті жастарға қолдау көрсету. Әр үміткер өз жобасын онлайн таныстыруға міндетті. Ал жеңімпаздар әр үш ай сайын жобаны жүзеге асыру барысы туралы есеп беріп отыруы тиіс.

Шахмардан Байманов, ҚР АҚДМ Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы:

– «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты грант жыл сайын дәстүрлі түрде тағайындалады деп жоспарланған. Грант қаражаты жыл сайын ҚР Үкіметімен белгіленеді. Сондай-ақ үміткерлердің үздік жобаларын анықтау мақсатында министрліктің арнайы бұйрығымен конкурстық комиссия құрамы бекітілетін болады. Комиссияның құрамы орталық атқарушы органдар, азаматтық қоғам өкілдері, ғалымдар және гранттың бағыттары бойынша мамандар мен сарапшылардан жасақталады.