Түркістан облысында шекаралық аймақтағы бірнеше ауыл көк түтінге тұншығып отыр

Будақтаған ыс Өзбекстан аумағанда өртеніп жатқан қоқыстан шығып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселені бұған дейін екі мемлекет өкілдері өзара келіссөз жүргізіп шешпек болған.

Алайда проблема сол күйінде қалып отыр. Ал ыстың иісі қолқаны қабады. Салдарынан жергілікті жұрт түрлі ауруларға шалдыға бастаған.

Бұл тұман да, шаң да емес. Кәдімгі көк түтін. Оның қалыңдығы соншалық, маңайдағы 100 метрге дейінгі аралықта ештеңе көрінбейді. Көкірек керіп тыныстау мүмкін емес. Ал дәл осы жерде Алпамыс батыр мен Көктерек ауылдарының халқы өмір сүріп жатыр. Бар мәселе мынада. Шекараның арғы бетінде көрші елдің күл-қоқыс тастайтын полигоны орналасқан. Күнделікті қалдықтар өртеледі. Одан шыққан түтінді жел айдап келіп жатыр.

Тұрғындар жергілікті билікке талай рет шағымдарын жеткізген. Улы түтін көрші мемлекеттің аумағынан келіп жатқандықтан қолдан келер шара жоқ.

Галина Хамидулина, Алпамыс батыр ауылының тұрғыны:

– Кешке қарай жатар алдында көшеге шығып таза ауа жұтып, тыныққың келеді. Ал таза ауа жоқ. Шықсаң ащы ыстың иісі жан-жақтан келеді де тұрады.

Соня Алиева, Алпамыс батыр ауылының тұрғыны:

– Ауылдың үстін түтін тұмшалайды. Міне, соңғы екі күн таза болып тұр. Біраз уақыттан соң бұл қайта басталады.

Түтін ауыл тұрғындарының денсаулығына да кері әсерін тигізе бастаған. Оны дәрігерлер де растап отыр. Соңғы кездері жергілікті амбулаторияға жұрт жүрек және тыныс алу органдарына жиі шағымданып келетін болған.

Тасболат Кәрімов, медициналық амбулаторияның дәрігері:

– Диспансерлік есепте тұратын ауруларымыз бар. Тыныс жолымен, қан қысымымен тұрады. Инсульт алғандар бар. Олардың денсаулығына түтін қатты әсер етіп, ауруларын қоздыруда.

Шекараның арғы бетіндегі жағдай мына кадрларда анық көрініп тұр. Қоқыс алаңы Ташкенттен 17 шақырым жерде орналасқан. Бұл жерге тұрмыс қалдықтары Өзбекстан астанасының 4 ауданы және қала маңайындағы бір ауданнан тасталатын көрінеді.

Мәселені 2019 жылы шешпек болған. Келес ауданың әкімі және облыстық мәслихаттың депутаттарынан құрылған арнайы делегация Өзбекстанға барған. Анықталғандай, қоқыс полигоны жекенің қолында болып шыққан.

Серік Қарақұлов, Келес аудандық әкімінің орынбасары:

– Қроқыс өңдейтін зауыт қажет екен. Біз барған кезде 2021 жылдың соңында бітеді деген. Күн қатты қызған кезде тұтанған қоқысты өшіру үшін су шығарып қойған екен. Сонымен өшіріп отырмыз деп барлығын көрсетті. Зауыттың фундаменті құйылған.

Биыл сәуір айында бұл мәселе қос елдің де Үкіметі деңгейінде көтерілген. Қоқыс алаңын басқа жерге көшіру туралы шешім қабылданған көрінеді. Енді Түркістан облысының жауапты өкілдері жағдайды көзбен көру үшін тағы бір мәрте барып көрмек.

Руслан Бақытбекұлы, Рауль Ғабитов, Самат Нағашбекұлы