Ақтауда вакцинаға сұраныс артты

Ақтауда вакцинаға сұраныс артты

Ақтауда өз еркімен екпе салушылар қатары күрт артты.

Сенбі, жексенбі де вакциналау пункттерінде ұзын-сонар кезек пайда болды. Тіпті, қалалық емхананың бірінде  тұрғындар  кезек үшін таласып, бір-бірімен сөзге келіп қалған. Осы жағдай бойынша түсірілген видеоны әлеуметтік желі қолданушылары қызу талқылап жатыр.

№1 емхана басшылығының айтуынша, қазір 3 екпе кабинеті жұмыс істеп тұр. Қосымша екі бөлме дайындалған. Соған қарамастан кезек азаймаған. Дәрігерлер тұрғындарға кезек көбеймес үшін қаладағы кез-келген емханаға барып, қажетті вакцина алуға кеңес береді.

Айта кетейік, Маңғыстау облысы бойынша 38 екпе егу бөлмесі, 14 жылжымалы бригада дайындалған.

Нұрбол Қонжар, Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:

– Дәл сол күні 600-ге жуық адам вакцина алған. Бірақ видеода көрінген халықтың бәрі вакцина алды деуге болмайды. Себебі ішінде өз еркімен вакцина алуға келген үлкен кісілер, қасында жүрген балдары, қыздары бар. Халыққа көп болып көрінген. Кейбіреулері консультация алуға келген. Бұған дейін ондай жағдай болған емес.