Атырау автобустарына «Аshyq» енгізілді

 Атырауда осыдан 1 апта бұрын қоғамдық көліктерге «Аshyq» бағдарламасы енгізілді.

Алайда, автобусқа мінген атыраулықтардың бәрі бірдей бағдарламаны қолдана бермейді. Кейбірі, тіпті, оның қоғамдық көліктерге қажеті жоқ екенін айтады.

Мұнайлы шаһарда «Ашық» бағдарламасы 30 бағыт бойынша қатынайтын 220 автобусқа енгізілді. Десе де, қоғамдық көліктің тар есігіне ентелеген жұрт «Ашық» бағдарламасын қолданбақ түгілі, QR-кодты аңғарып та жатқан жоқ.

«Ашық» бағдарламасын қолдануға мүмкіндігі жоқ жандар да қоғамдық көліктермен қатынай алады. Өйткені, кондукторлардың сөзінше, бағдарламаны пайдалану міндеттелмейтін көрінеді.

Индира Айбарова, кондуктор:

– Телефоны жоқ адам соқпайды, кіре береді. Үлкен кісілерде жоқ қой мысалы, қалай барады олар. Аламыз, тастап кете алмаймыз остановкаға ол кісілерді. Жағдайы жоқ отбасылар бар, оларды да кіргізе береміз. Ал, егер жастардың бәрінде бар, олар бәрі соғып кіреді.

Тұрғындардың айтуынша, бұл бағдарламаның қоғамдық көліктерге еш қажеті жоқ. Тіпті, кейбірі алтын уақытымызды алады, - деп наразылық білдіріп отыр. Ал, жергілікті билік «Ашық» қосымшасын қолдануды тұрғындардың өз еркіне қалдырыпты.

Лугзана Байлауова, қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы:

– Автобустардағы «Ашық» жобасы қосымша сақтық шараларына негізделген. Бағдарламаны қолдану арқылы өзіңіз бен өзгелердің қауіпсіздігін қамтамасыз етесіз. Егер оқшаулану ережелерін бұзғандар анықталса, жауапкершілікке тартылатын болады.

Қауіпті індеттің алдын алу мақсатында осыдан бір апта бұрын мұнайлы өңірдегі қоғамдық көліктерге «Ashyq» енгізілді. Алайда, бағдарламаның кем-кетік тұстары да жоқ емес. Өйткені, смартфоны жоқ тұрғындарды есепке алмағанда, жасы үлкен кісілер үшін де оңай болмайтыны жасырын емес.

Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин,