Жергілікті кәсіпорындар мектеп кабинеттерін жабдықтап берді

Ақмола облысындағы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін кәсіпорындар пандемияға қарамастан тұрақты жұмыс істеп келеді.

Биылғы жарты жылдықта олар 66 млрд теңгенің өнімін өндірген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 15 процентке көп, - дейді мамандар. Әлеуметтік салаға да едәуір көңіл бөлінеді. Әсіресе, жаңа оқу жылы қарсаңында мектептер жөнделіп жатыр.

Шортанды ауданындағы жылқы бордақылаумен айналысатын бұл ферма қазір 600 басқа жуық Қамбар ата түлігін ұстайды. Ал етті олар елорда нарығына өткізеді. Айтуларынша, астанада ақмолалық өнімге сұраныс жоғары. Шаруашылық басшылығы енді аталған кәсіпті одан әрі кеңейтуді көздеп отыр.

Николай Воложанин, жылқы фермасының директоры:

– Біз жылқыларды 1 жарым мың басқа дейін жеткізіп, облыстағы жылқы бордақылайтын ең үлкен ферма атанғымыз келеді. Ал тұқымы – жергілікті қазақстандық тұқым. Тек бұлар – етті бағыттағы жылқылар.

Ал осы аудандағы астық сақтау қоймасы қазір биылғы жылдың бидайын қабылдауға дайындық үстінде. Кәсіпорында 60 адам еңбек етеді. Олардың барлығы жергілікті тұрғындар. Мұнда астықты сақтап, кептіруден бөлек, ұн да өндіріледі. 

Дмитрий Майдан, технолог:

Біз испандық қондырғылармен жұмыс істейміз. Ерекшелігіміз – астықты жедел қабылдап, оны жылдам кептіреміз. Өткен жылы осылай 160 мың тонна қабылдадық. Ал бір мезетте 60 мың тонна бидайды сақтай аламыз.

Ал Макинск қаласындағы №5 мектептің сыртқы бөлігіне биыл күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол үшін облыстық бюджеттен 200 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Маусымда басталған құрылыс қазан айының басында аяқталмақ.

Марат Хамзин, мектеп директоры:

– Биыл енді сыртқы, ендігі жылы ішкі құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Кабинеттерді, сосын коридорларды, спорт залды және асхананы, жалпы түгел күрделі жұмыстар жүргізіледі, жаңартылады.

Қаладағы басқа бір мектептің оқушылары болса биыл су жаңа кабинеттерде оқитын болады. Жергілікті құс фабрикасы білім ошағындағы 5 кабинетті 38 млн теңгеге жабдықтаған. Бұл ұлдар мен қыздарға арналған түрлі шеберханалар. Ал алдағы жылы компания мектеп ғимараттарын толықтай күрделі жөндеуді жоспарлап отыр.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко