Қарағандыға қытайлық Vero Cell вакцинасы жеткізіледі

Қарағандыға қытайлық Vero Cell вакцинасы жеткізіледі

Қарағанды облысында коронавирус өршіп барады. Өңір ауруханаларында ауыр халдегі науқастар саны артты. Бұл туралы аймақтың денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гамаль Тоқсамбаев мәлімдеді.

Өкпені жасанды желдеткіш аппаратына 45 адам таңылған. Қарағандыда қосымша 400 науқасқа арналған төсек-орын қайта ашылып, жедел жәрдем бригадасының саны 150-ге дейін көбейді. Инфекциялық госпитальдардың 52 проценті толған. Коронавирусқа қарсы вакцинаның екі компоненті тек 320 мың адамға ғана салынған. Бұл облыс тұрғындарының жартысына да жетпейді. Білім басқармасының мәліметінше, мұғалімдердің 90 проценті вакцина салдырған. Аймаққа 84 мың доза Vero Cell жаңа вакцинасын жеткізу жоспарда бар.

Гамаль Тоқсамбаев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Қазіргі таңда жансақтау және күндізгі бөлімдерде вакцина салғызғаннан кейін нашарлап жатқан бірде бір науқас жоқ. Бұл екпе алғандар инфекция жұқтырған күннің өзінде жеңіл өтетіндігін көрсетіп отыр. Тұрақтылықты сақтау үшін бірінші кезекте вакцина қабылдап, ұжымдық иммунитет қалыптастыруымыз керек. Кем дегенде тұрғындардың 70 проценті қамтылуы тиіс.