Қызылордада жаңа модульді инфекциялық стационар ашылды

Үкіметтің қолдауымен салынған емдеу мекемесі COVID-19 шалдыққандарды қабылдай бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аурухана заманауи медициналық құрылғылармен жабдықталған, маман тапшылығы жоқ. Дәрі-дәрмек жеткілікті.

Модульді инфекциялық аурухана автономды жұмыс істейтін 6 блоктан тұрады. Барлық төсек орынға автоматты nүрде оттегін жеткізетін жүйемен қамтылған. Бұл хал үстіндегі науқастарға қарқынды әрі нәтижелі ем жүргізуге мүмкіндік береді.

Сәбит Пазылов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Бұл жерге инфекциялық ауруханадан және облыстық туберкулезге қарсы динпансерден және басқа медициналық мекемелерден мамандарды тартып отырмыз. Реаниматологтар, инфекцианист мамандар. Бүгінгі күні мамандар жеткілікті.

Аурухана 200 орынға арналған. Оның 20-сы реанимация бөліміне тиесілі. Әр бөлмедегі науқастарды бейнекамера арқылы бақылау мүмкіншілігі қарастырылған. Осылайша, медицина мамандарының уақытын үнемдеп, жұмыс тиімділігін арттыру көзделген.

Гүлшара Әбдіқалықова, облыс әкімі:

- Дельта штамы біздің облыста да байқалып отыр. Оның тез тарайтындығы, жоғары қауіптілігі білініп отыр. Америкада да жаңа түрі пайда болып жатыр. Сондықтан біздің жерлестерімізді, тұрғындарды, барлық санитарлық қауіпсіздікті сақтауды, өздерін сақтауды, айналасына көңіл бөлуді сұраймыз.

Бүгінде Қызылорда облысы «қызыл аймақта» тұр. Жыл басынан бері 2 мың адамнан коронавирус анықталған. Стационарларда 1300-дей науқас емделіп жатыр. 90 адамның жағдайы өте ауыр.

Нұрлан Жақыпбеков, Айтмұхаммед Байділдаев